Мың тонна өнім: Сыр елінде «Алтын күз жәрмеңкесі өтті
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын күз-2025» мерекесі аясында облыс орталығында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап шықты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысты.
Жәрмеңкеде барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынды. Аудандардан 500-ге жуық жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім жеткізілді.
Сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет және 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша, 10 тоннадай сүт, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 100 бас тоқты және 30 тонна жем-шөп қойылды.
Арал ауданының жәрмеңкесі халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, тұтынушылар Аралдың балығын алуға кезек тосты. Теңізді өлкенің шаруалары 60 тоннадай өнім әкелген. Атап айтқанда, 15 тонна балық өнімдері, 20 тонна қауын-қарбыз, 4 тонна ет өнімдері, 20 тонна қызанақ, 1 тоннадай сүт, 3 тонна ас тұзы бар. Сондай-ақ, 40 бас қой мен тоқты жеткізілген.
Молшылық мерекесінің жәрмеңкесіне Қазалы ауданының шаруалары 10 тонна күріш, 12 тонна балық, 5 тонна ет, 20 тонна бақша өнімдерін, 7 тонна асқабақ, 15 тонна картоп, 10 тонна пияз, 3 тонна сүт өнімдері, 1 тонна Қазалы кәмпиттерін шығарды.
Қармақшы ауданынан 40 көлікке тиелген 100 тонннаға жуық өнім келген. Сатылымда 20 тонна күріш, 1,5 тонна балық, 30 тонна көкөніс, 25 тоннадай бақша, 10 тонна қызанақ, 1 тонна ет және кондитер мен сүт өнімдері, мал азығы бар.
Ал Жалағаш ауданының шаруалары 200 тоннаға жуық өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды. Атап айтқанда, 40 тонна күріш, 40 тонна картоп, 10 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 20 тонна асқабақ, 30 тонна қауын, қарбыз, 30 тонна көкөніс өнімдері, 3 тоннадан астам ет пен балық өнімдері, 1 тоннадай сүт өнімдері.
Сырдария ауданынан жеткен 50 көлік азық-түлік тауарларына толы. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерінің саудасын қыздырды.
Барлығы 170 тоннадан астам, оның ішінде 25 тонна күріш, 60 тонна картоп, сәбіз, пияз, 10 тонна асқабақ, 40 тонна бақша, 2 тонна ет, сүт өнімдері, 5 тонна көкөніс пен жемістер, 2 тоннадан астам бакалея өнімдері халық сұранысына ие болды. Сонымен қатар, 10 бас қой мен 10 бас тоқты және 30 тонна мал азығын да саудалаушылар көп болды.
Тасбөгет кентінің орталық алаңында шиелілік шаруалар табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды. Мұнда саудаға 150 тоннадан астам өнім қойылған. Атап айтқанда, 20 тоннадан астам күріш, 30 тонна бақша өнімі, 50 тонна картоп, 12 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс, 4 тонна ет, сүт өнімдері, 1 тонна бакалея өнімдері сатылды.
Астана даңғылының бойында орналасқан Жаңақорған ауданының 50 көлігінде 10 тоннаға жуық күріш, 45 тонна картоп, 30 тонна бақша, 60 тоннадан астам көкөніс пен жемістерді саудаға шығарылды. Сондай-ақ, ет, балық, кондитер өнімдері де бар.
Сол жағалауға жайғасқан Қызылорда қаласының шаруалары 12 тонна күріш, 8 тонна картоп, 12 тонна ет пен балық өнімдерін, 16 тонна қауын мен қарбыз, 6 тонна асқабақ, 15 тонна көкөніс пен жеміс өнімдерін, 2 тонна кондитер өнімдерін, мал азығын да ұсынды.
Биыл Сыр диқандары күзгі жиын-терімге уақытылы кірісіп, толағай табысқа қол жеткізді. 470 мың тоннаға жуық күріш жиналып, оның әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынды.
Дәнді және майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен де мол өнім жиналды.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі