2026 жылы Beeline, Tele2 және ALTEL байланыс операторлары тарифтерін шамамен 20 пайызға арттырады. Бұл туралы аталған операторлардың өкілдері Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Beeline Kazakhstan компаниясының президенті Евгения Настрадиннің айтуынша, оператор бағаларды жылына бір реттен жиі өзгертпейді.

Келесі жылы елеулі өзгеріс күтілуде, бұл – ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі. Бұл салаға 35-40 млрд теңге шамасында ықпал ететін маңызды фактор. Сол себепті біз қаңтар айында тарифтерді қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Биыл клиенттерге қосымша қымбаттау болмайды деп ойлаймын. Баға шамамен 15–20 пайыз аралығында көтеріледі, – деді Евгений Настрадин.

Ал Tele2/ALTEL операторының басқарма төрағасы Александр Бабичев те компанияның елдегі экономикалық болжамдарды, салық саясатын және инфляция деңгейін талдап отырғанын айтты.

Біз валюталық бағамның динамикасын және клиенттерге тұрақты, сапалы қызмет көрсету үшін қажет инвестициялар көлемін ескереміз. Тарифтерді 15–20 пайыз шамасында түзету мүмкіндігін қарастырып отырмыз, – деді ол.

Ал Kcell басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Аскар Жамбакин журналистердің сұрағына жауап бере отырып, компания тиісті есептеулер жүргізіп жатқанын атап өтті. Егер жоспарлы өзгерістер енгізілсе, абоненттер заң талаптарына сай алдын ала хабардар етіледі.

Өз кезегінде Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мемлекет ұялы байланыс қызметтеріне баға белгілемейтінін еске салды.

Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, 2017 жылы мобильді байланыс тарифтерін мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Бұл бәсекелестікті дамыту үшін жасалған шешім, – деді ол.

Фото: Нұркен Алишев

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *