Биыл Сыр елі үшін тарихи маңызды жыл. Атап айтар болсақ, Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына, сонымен қатар, халқымызға «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл! Осынау тарихи маңызды мереке аясында жыл басынан бері мәдени-танымдық іс-шаралар толассыз жалғасып, стадиондағы гала-концертпен қорытындыланды.

Мерекеге арнайы келген мәр­тебелі қонақтар қатарында қазақ­тың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Тыныштықбек Әбдікә­кім­ұлы және ақынның жұбайы, М.Әуезов атындағы Се­мей колледжінің директоры, ұла­ғатты ұстаз Шағангүл Жанае­ва болды.

Қалалық орталықтан­ды­рыл­­­­ған кітапханалар жүйе­сі­­нің ұйым­дастыруымен «Жас­­тар ор­та­лығында» ақын Ты­­ныш­­тық­бек Әбдікәкім­ұлы­ның оқыр­­ман­дармен кездесуі өтті.

Ақын өзін Сырдағы оқыр­ман қауымға жақыны­рақ та­ныс­тырып, шығарма­шы­лы­ғы жайлы әңгімеледі. Жаңа туын­дыларын оқып, жылдар бе­ле­сіндегі жаңа­лықтарын бө­лісті. Құрмет білді­ріп кел­ген оқырманға алғыс айт­ты. Кі­тап­тарын үлестіріп, қол­таң­ба берді.

– Алғашқы туындым – «Ақ­шам хаттары», пышақтың қы­рын­дай ғана шағын кітап бо­латын. Әйтсе де көп оқырман мені сол кітабым арқылы та­ныды. Одан бері қаншама уақыт өтті. Қоғам өзгерді, адам­дар да өзгерді. Соған орай адамның таным, талғамы да өзгеріп жатыр. Дегенмен бү­гінгі кездесуге қаумалап ке­ліп отырған оқырманға мың алғыс!

Сыр еліне алғаш келуіміз. Ме­нің көзқарасымда экология жа­ғынан айтқанда, көшелері құм, ағаштары тырбиып өс­пей қалған, ескі үйлері көп, сондай жүдеу-жадау қала ма деп ойлайтынмын. Кеше­ден бері талай жерді арала­дық. «Оқушылар сарайы», тари­хи-өлкетану музейі, физи­ка-ма­те­­матика мектебі, музыкалық колледж сияқты бірнеше мә­дени-рухани орталықтарда бол­дық. Сонда байқағаным, ең бастысы, қалада кеңістік бар екен. Сән-сәу­леті өзгеше. Ал қаланың та­за­лы­ғы тіпті бөлек. Бұл – қала тұр­ғындарының жоғары мәде­ние­тінің көрінісі, – деді ақын Т.Әбді­кәкімұлы.

Қазақ қара өлеңінің келіні атанған Шағангүл Жанаева Сыр жұртшылығымен емен-жарқын сырласып, өзі бас­шы­лық жасап отырған қа­сиет­ті қарашаңырақ – Алаш арыс­тарынан бастап, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұ­лан, Мұхтар Әуезов сынды қа­зақ­тың қабырғалы азамат­тары білім алған М.Әуезов атын­да­ғы Семей колледжі ту­ра­­лы әңгі­меледі. Ұс­таздық тұрғы­сынан шә­кірт тәр­биелеу ісіне қатысты ой-па­йы­мын ор­таға салып, тәжі­рибесін бө­­лісті.

Жақсылар бас қосқан жиын­­ға Абай облысы әкімі ап­­пара­ты басшысының орын­баса­ры ха­лық­аралық «Шабыт» фестива­лінің бас жүлде иегері Ербол Ал­шынбай және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, мем­­лекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құр­мет» орденінің иегері Қати­ра Жәленова, Сырдың Қады­ры атанған ақын, Ақпарат саласы­ның үздігі Дүйсенбек Аяшұлы, Н.Бе­кежанов атын­дағы облыстық қазақ музы­ка­лық академиялық драма теат­рының директоры, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұх­тар Ниязов, Қазанғап атын­дағы Қызылорда музыкалық жо­ғары колледжінің директо­ры, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Мүсілім Әмзе, М.Мәметова атындағы педа­го­ги­калық жоғары кол­леджі­нің мұ­ғалімдері, сондай-ақ, мәде­ниет, өнер саласының өкілдері, сту­дент­тер қатыс­ты. Кездесу бары­сын­да қонақ­тар­ға сый-құрмет көр­сетілді.

Алаштың айтулы ақыны, Мем­лекеттік сыйлықтың ие­ге­рі Тыныштықбек Әбдікә­кім­ұлы мен Сыр оқырман­да­рының кез­десу кешін ақын Ақжол Түмен­бай жүр­гіз­ді. Қалалық Жас­тар теат­­ры­ның қыз-жігіттері ақын өлең­де­рін жатқа оқыса, талант­ты сазгер, әнші Үкітай Ер­нияз бастаған өнерпаздар әдемі кешті әнімен әрледі. Сон­дай-ақ оқыр­мандарға ақын шығар­ма­шылы­ғынан жасақ­талған кітап көрмесі таныстырылды.

 Ғазиза ӘБІЛДА,

Қазақстан Жазушылар және

Журналистер одағының мүшесі.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *