Президент Қызылорда облысындағы сапарын «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан бастады
Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.
Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді.
Фото: Ақорда











