ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2025) өтткен болатын.

Форумға 50-ден астам елден мыңнан астам қатысушы, атап айт­қанда, өнеркәсіп, энергетика, АӨК, қаржы, фарма­цевтика, консалтинг және басқа да салалардағы халықаралық, отандық компаниялардың басшылығы жиналды.

KGIR-2025 алаңында $7,5 млрд-тық 49 құжатқа қол қойылды, оның ішінде $3,8 млрд-тық 13 коммерциялық келісім Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен рәсімделді.

Ал Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жиында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Harvest Agro компаниясымен бірлесіп, өңірде ірі агроиндустриялық кластер құру жөнінде үшжақты негіздемелік келісімге қол қойды.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен Fabe Agro ЖШС арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жылыжай кешені инвестициялық жо­басын жүзеге асыру жөніндегі ынты­мақтастық меморандумы жасалды.

Harvest Agro  компаниясы 21 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру, қайта өңдеу бағытында агроиндустриялық кластер құруды көздейді. Кешен құрамында жылына 60 мың тонна шикізат өңдейтін май сығу зауыты салынып, 150 адам жұмыспен қамтылмақ.

Fabe Agro компаниясы жылына 45 мың тонна өнім өндіретін заманауи жылыжай кешенін салуды жоспарлаған. Кешенге сол жағалаудан  250 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны  134,5 млрд теңге, іске қосылған соң 1200 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Аталған бастамалар өңірдің агро­өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының құрылуына жол ашады.

Фото: Үкімет

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *