Жаңа жылдан кейін ет бағасы қымбаттай ма?
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Астанада ет бағасы қанша екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ет бағасы туралы осыған дейін де айттық. Сыртқы нарықта сұраныс артып, іште баға біраз көтерілді. Қазір тұрақтанып қалды. Бүгін таңдағы статистика бойынша 1 килограмм еттің орташа бағасы 3 249 теңге болып тұр. Кеше дүкендер мен базарларға мамандарды жібергем. Қолымда тіпті суреттері де бар. 3500-3600 теңгеден сатылып жатыр. Иә, кей жерде 4300-5000 теңгеден де сатып тұр. Бірақ бұл «премиум-санатқа» жататын, сүйексіз сылып алып сататын ет. Жалпы орташа баға тұрақты. Әзірге осы деңгейде сақталады, — деді ол.
Министр жаңа жылдан кейінгі баға туралы болжам жасай алмайтынын, бірақ осылай ұстап тұруға тырысатынын айтты.
Келесі жылға алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Осы деңгейде сақтауға тырысамыз. Өйткені тірі малды сыртқа шығаруға тыйым салғанбыз. Еттің өзін лимитпен квота арқылы шығарып отырмыз. Сондықтан мәселе туындамау керек, — деді Айдарбек Сапаров.
Фото: Оңалхан Өнерхан
                    
                                        
                                            
                











