Қазір әлеуметтік желіде аудан әкімдерін сайлауға қатысты түрлі пікірлер айтыла бастады. Білетін шығарсыздар, 2023 жылы пилоттық режимде 45 аудан және облыстық маңызы бар қаланың әкімі тікелей сайланған еді. Бұл тәжірибе күткен нәтижені бермеген секілді.
Аудан әкімін сайлау туралы идея әу баста ұнамаған. Сол кезде бәрі жаппай мұны демократияға бастайтын жол деп түсіндіруге тырысты. Облыс әкімдерін де сайлаймыз деп шулап жүрді кейбірі. Дұрыс, әкімдерді тікелей сайлау керек. Бірақ оған жету үшін уақыт қажет.
Ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауына бергенімізге көп болған жоқ. Тұрғындар жаңа саяси реалиға әлі үйреніп үлгермеді. Оған қоса, көп жерде апта сайын сайлау болып кетті. Электораттың шаршауы байқалады екен. Содан аудан әкімінің сайлауына жергілікті жұрт аздау келеді екен.
Енді кандидаттың қабілеті деген бөлек әңгіме бар. Блогерлердің заманында популистердің, әдемі сөйлейтіндердің аудан басшысы креслосына отыру ықтималдығы жоғары. Оларға бүткіл аудан халқының тағдырын, экономикасын қалай сеніп тапсыруға болады?
Бұл мәселенің бір жағы. Екінші тұсы экономикалық тиімділігі. Осыған дейін аудан әкімдерін сайлауға милилард теңге жұмсалыпты. Қыруар қаражат. Сондағы сайлағанымыз 45 әкім мен қайта сайланған бірнешеуі.
Бұған кей жердегі әкім сайлауына қатысты дауды қосыңыз. Бірнеше блогер әкімдікке үміткерлер лайық емес еді деп шулатқаны есімізде. Ендеше, демократия ойнаймыз деп, ерке бала секілді қыруар қаражатты желге ұшырып қажеті қанша?
Сондықтан ойлана келе, аудан әкімін аудандық мәслихат сайлағаны абзал ма деген де нұсқалар қарастырылып жатыр.
Дәурен ОМАРОВ,
журналист 

Коллаж ашық дереккөзден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *