Жезқазғанда «Роскосмос» ұшырған зымыранның бөлігі құлады
Жезқазғанға жақын ауылға қарасты аумақтағы бір тұрғын әлеуметтік желіде далада жатқан үлкен зымыранның бөлігін бейнежазбаға түсіріп жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.
Бейнежазба авторы оны «зымыранның артқы бөлігі» болуы мүмкін деп болжайды. Ал бір күн бұрын «Роскосмос» Байқоңырдан «Союз МС-28» кемесінің сәтті ұшырылғанын хабарлаған еді. Сондықтан тұрғындар арасында зымыран қалдықтары елді мекендерге қаншалықты жақын құлады және оның қаупі бар ма деген сұрақтар туындады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі осы жағдайға қатысты ресми пікір берді. Ведомствоның дерегінше, 27 қарашада сағат 14:27-де (Астана уақыты) зымыран ұшуы жоспар бойынша өткен, ешқандай ақаулар тіркелмеген. Министрлік зымыранның бөлшектері арнайы белгіленген аймақтарға – Ұлытау облысындағы елді мекендерден алыс жерлерге түскенін атап өтті.
«Бұл аумақтарда қазір „Роскосмос“ мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің экологтары жұмыс жүргізіп жатыр. Олар өлшеп, сынама алып тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, экологияға зиян келді деген дерек жоқ» деп жазылған хабарламада.
Сонымен бірге министрлік «Союз МС-28» зымыраны керосин және сұйық оттекпен жұмыс істейтінін, бұл жанармайдың экологиялық қауіпсіз саналатынын айтты. Құлаған бөлшектерден радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп анықталмағаны ресми түрде мәлімделді.
Фото: Видеодан скрин












