Ғалым Жабайхан Әбілдин өмірден озды
Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым Жабайхан Әбділдин қайтыс болды. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов хабарлады.
Жабайхан Мүбәрәкұлы 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы, Май ауданы, Майтүбек ауылында өмір есігін ашты. Ол 4 томдық «Диалектикалық логика» еңбегінің авторы ретінде белгілі. Ғалымның басқаруымен диалектикалық логиканың категориялары, заңдары мен принциптерін тереңірек зерттеуге арналған ұжымдық монографиялар да жарық көрген.
Жабайхан Әбділдин 10 ғылым докторы мен 40-қа жуық ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған.
Қаралы хабарға мемлекет басшысы көңіл айтып, марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Президент Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» және ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Жабайхан Әбділдиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы философия ілімінің өрісін кеңейткен күллі ғылым қоғамдастығына танымал ғалым, ұлтжанды тұлға еді. Ұстаздық жолында сүбелі еңбектер жазып, зерделі шәкірттер тәрбиеледі. Ел егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосып, іргелі істерге белсене атсалысты, – деп жазылған жеделхатта.













