Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, белгілі жазушы, киносценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар қайтыс болды.

Нұрлан Санжар — қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер, ғалым және өнер қайраткері. Ол философия ғылымдарының кандидаты, Еуропадағы Lambert академиялық баспасынан жарық көрген алты ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар оның «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдары мен баспадан шықпаған тоғыз қолжазбасы бар.

Кино саласында да ол өнімді еңбек етіп, қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Аллажар» фильмінің сценарийін жазған ол бұл тақырыптың ұлт үшін маңызын терең түсініп, сценарийді 19 рет өңдеген.

Нұрлан Санжарұлының «Қызыл қар» кітабына енген «Өліара» және «Аллажар» повестері идеялық-көркемдік тұрғыдан маңызды туындылар ретінде бағаланады. Аталған шығармалар қазақ халқының жан жарасын терең жеткізе алған.

Нұрлан Санжар көрерменге актер ретінде де таныс. Ол қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған. Арада 44 жыл өткен соң «Қош бол, Гүлсары» фильмінде Шора бейнесін жасады. Алайда ол өзін кәсіби актер санамаған.

Нұрлан Санжар өмірінің соңына дейін қазақ әдебиеті мен кино өнеріне қызмет етті. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңнің өзінде ұлтының тағдырына бейжай қарамай, елдің мұңын шығармашылығы арқылы жеткізіп отырды.

Фото ашық дереккөзден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Елеулі есім

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *