Жол сапа: Жаңақорғандық оқушыларға кәсіби бағдар берілді
Қызылордадағы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ҚОФ филиалы «2000 мектеп» жобасы аясында мектеп оқушыларына жол мамандығы бойынша кәсіби бағдар беруде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Бүгінге дейін филиал мамандары Қызылорда қаласының мектептерін аралап, жоғары сынып оқушыларымен оффлайн кездесулер өткізіп келді. Бұл жолы «Zoom» платформасы арқылы бір мезетте Жаңақорған ауданы бойынша 45 мектептің оқушыларымен онлайн жүздесу ұйымдастырылды.
Сапа және менеджмент бөлімінің басшысы Ержан Усманов мыңға жуық жасқа жол мамандығы бойынша білім беретін оқу орындары туралы айтып, жолшылардың негізгі атқаратын қызметін түсіндірді.

Бүгінде еліміз бойынша жол-көлік саласында кәсіби маман тапшы. Сондықтан, мектеп түлектері үшін университеттер мен колледждерде жылдан жылға грант саны ұлғайып отыр. Бұл болашағын бағдарлай білген жастарға өмірлік азық болмақ. Өйткені, еңбек нарығында сұранысқа сай білім алу уақыт талабы. Жыл сайын елімізде 3 мың шақырым жол салынып, қайта жаңғыртудан өтеді. Бүгінде жол құрылысына жоғары технология еніп, қарыштап дамып келе жатқан сала. Мәселен, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» кәсіпорны жолды зерделеуде ЖИ қолданып, зертхана жұмысы түгелдей автоматтандырылған.
Онлайн кездесуде Ержан Усманов оқушылармен ашық ой-пікір алмасып, олардың сұрағына тұшымды жауап берді.
Фото: «Жол активтері сапасының
ұлттық орталығы» ҚОФ филиалы












