Тарих табалдырығынан аттағалы тұрған жылқы жылы қандай жыл болар екен? Бұл – әр адамның көңілін толқытқан тылсым сұрақ.

«Былай болады», «олай болады» деген болжамға аса бейілді емеспіз. Өйткені, уақыттың өз иесі бар. Алайда, адам сана құдіреті шегінде ойлауға әрқашан қақылы.

Жылқы жылы мүшел есебі бойынша 7-жыл болса да, 2026 – 1 санының сиволы. Бұл барлық нәрседе алға озу, бірінші болу дегенге алып келеді. Олай болса, жасанды интеллекті мен логикаға негізделген салалар дамиды (оның ішінде журналистика, басқа да өнер түрлері бар).

Біздің заманның «Вангалары» осылай дейді.

Әр жылды өзінің атауынан, оның табиғатынан тыс қарай алмайтынымыз анық. Ендеше, жылқы малы қандай жануар дегенге келсек, мұны енді «жылқы мінезді қазаққа» түсіндіру аса қажет емес.

Жылқы – бауырмал, иесіне адал. Жылқының кекшіл еместігі «жылқы кісінескенше…» деген сөзден білінеді. Ал, адалдығы… Эпостық жырлардағы Байшұбар, Тайбурыл образдары әркімнің-ақ жадында шығар.

Қазақтың сүбелі сөздерінде, мәйекті мақалдарында жылқы жануар өте көп ұшырасады.

«Жорға жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады», «Жақсы би жақынына тартпайды, жақсы айғыр жатырына шаппайды». Қазақ осындай мақалдармен ұрпағын тәрбиелеген. Өйткені, кішкентайынан құлын мінген балаға жылқыға байланысты сөздер сіңімді болады.

Біздің ұлтымыз биік адами қасиеттерді жылқы малына қатысты бағалайды. Баласы ержеткенде «ат жалын тартып мінді» деу мен ат үстіндегі қонағын қолтығынан демеп түсіру арасында қаншама құнды өмір салты бар. Жаяуға атын түсіп берген жомарт қазақтың тарихы да, танымы да жылқыға телулі десек, қате болмас.

Енді жылымызға қайте келейік.

Биылғы жыл еңбек еткендер үшін ерекше сыйларын сақтап отырған сыңайлы. Тарихтағы жылқы жылдары қақтығыс, шайқастарға сәйкес келгенімен 1 санының белгісін иеленетін 2026 жыл тек қана жылдамдық, қарқын реңкті болмақ. Оның ішінде махаббат, отбасы бақыты секілді аса қымбат өмір қазынасы бар, яғни, үйленбей жүргендер шаңырақ көтереді.

Мемлекеттің жайы, саясат ше? Біз саясаткер емеспіз, бірақ болжамшылар бұл ретте де халық тек табыстардың куәсы болады дегенді қайта-қайта айтып отыр.

Ал, құлын-жылым, алдыңнан шудасынан ескен арқанын керіп қой шыққанша дүлдүл болып дүбірлет, дархан даламды. Дүбіріңнен өрнекті өмірдің сәні мен мәнін табайық, асыл жануарым!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

ақын, Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *