Көлікке «VIP» нөмір алғанда нені ескеру керек?
Биыл 8 қаңтарда eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында жаңа сервис пилоттық режимде іске қосылған болатын. Яғни, қазақстандықтар көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне онлайн тапсырыс беруге мүмкіндік алған еді.
«Әдемі» нөмір алуға қазақстандықтар өте құштар болып жатқанға ұқсайды. Ресми дерекке қарасақ, сервис іске қосылған алғашқы екі күнде 113 мыңнан астам өтініш түссе, бүгін олардың жалпы саны 226 мыңнан асып кетіпті.
Құжаттай рәсімделіп, ақшасы төленген нөмірлердің өзі кей жағдайларда базада «бос» деген белгімен көріне берген. Жұрт арасында осы факт түсінбестік тудырып жатыр екен.
Осыған орай, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ командасы жағдайды былай түсіндіреді:
Егер төлем жасалғаннан кейін нөмір «бос» болып көрінсе, бұл — өтінім соңына дейін аяқталмағанын білдіреді. Мұндай жағдайда қайтадан өтінім беріп, үшінші қадамда «Бұрын төленген» опциясын таңдау керек. Сол жерде операция жүргізген банк пен төлем күнін көрсетесіз.
Осы процедура аяқталған соң нөмір өз иесіне бекітіліп, басқа өтініш берушілерге базада көрінбейтін болады.
Сервис ұсынушы тарап қажет болған жағдайда төленген қаражатты қайтарып алуға да мүмкіндік барын еске салады.
Ақшаны қайтару тәртібі туралы толық нұсқаулық eGov.kz әлеуметтік желілерінде жарияланады. Жүйе әлі де жетілдіріліп жатыр, онлайн түскен өтінімнің бәрі міндетті түрде өңделеді, деп хабарлайды әзірлеушілер.

Фото ашық дереккөзден алынды












