Цифрлық таңбалау жүйесі тегін беруге арналған дәрілік заттардың заңсыз сатылған дерегін анықтады. 

Бюджет қаражаты есебінен сатып алынған мыңдаған қаптама дәрі-дәрмек науқастарға таратылудың орнына дәріхана сөрелерінен табылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Ең сорақысы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектердің де сатылғаны анықталды.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдың шілде айында Қазақстанда енгізілген дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі дәрі-дәрмек айналымындағы елеулі заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы препараттардың атауы, саны және нақты қай медициналық ұйымдарға қатысты екенін көруге болады.

Атап айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) аясында тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің бөлшек саудада сатылғаны, таңбалау кодтарының әртүрлі субъектілер тарапынан қайта пайдаланылғаны, ол аздай жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттардың сатылғаны тіркелген.

«Жүйе арқылы мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынған 15 мыңнан астам қаптама дәрі-дәрмектің бөлшек саудада сатылғаны, 6,5 мыңнан астам таңбалау кодының қайта пайдаланылғаны (жалпы саны 385 мыңнан аса рет), сондай-ақ жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 750-ден астам қаптама препараттың сатылғаны анықталды», — деді Ақмарал Әлназарова.

Министр медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен «СК-Фармация» ЖШС-нің күнделікті жұмысында сараптамалық платформа мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды, дәрілік заттардың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және олардың қозғалысының барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *