Ердоған Қазақстанға келеді
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгіме барысында Түркия басшысы Қазақстан президентін жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және елдің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады.
Режеп Тайип Ердоған аталған өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған байыпты әрі батыл саясаттың нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Негізгі заң Қазақстанның алдағы дамуына серпін беріп, елдің ішкі және халықаралық әлеуетін күшейтетініне сенім білдірді. Өз кезегінде Қазақстан президенті түрік бақылаушыларының референдумға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, мұны бауырлас әрі достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі ретінде бағалады.
Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған биыл 14 мамырда Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін жеткізді. Бұл сапар аясында жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы және Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінің Астанада өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздердің екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан маңызды екені жөніндегі пікірін қолдады.
Бұдан бөлек, Қазақстан басшысы Түркістанда өтетін түркітілдес елдер көшбасшыларының саммитінен үлкен үміт күтетінін айтты. Оның айтуынша, қазақ халқы Түркия президентін елде қуана қарсы алады.
Әңгіме барысында Режеп Тайип Ердоған Қазақстан президентін сәуір айында Анталияда өтетін Дипломатиялық форумға қатысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруды ризашылықпен қабыл алды.













