AMANAT: Ауыз су мәселесі басты назарда
Бүгін партияның Қызылорда облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Жолдауынан туындайтын және партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Жиынды ашқан Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы өңір тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Жолдауында нақты айқындалып, 2025 жылға дейін халықты толықтай таза ауыз сумен қамту міндеті қойылған. Сондай-ақ, аталған мәселе «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында да басым бағыттардың бірі ретінде көрініс тапқан.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының Сумен қамтамасыз ету және суды бұру бөлімінің басшысы Әбдіғани Абдуллаев кеңінен жеткізді.
Бөлім басшысының айтуынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болған. Өткен 2025 жылы 9,9 млрд. теңге қаржыға Арал ауданы Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері топтық су құбырына қосылған. Шиелі ауданы Лесхоз және Қазалы ауданы Бірлік елді мекендеріне су тұщытқыш қондырғысы орнатылып, Қазалы ауданы Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарбұлақ елді мекендерінде ішкі су жүйелерінің құрылысы жүргізілген.
Сонымен қатар, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырысымен Арал ауданы Абай, Тоқабай және Ақбасты елді мекендерін топтық су құбырына қосу жұмыстары аяқталған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып, мәселе түбегейлі шешімін тапқан.
«Қазіргі таңда облыста 4 қала және 222 ауылдық елді мекен бар. Ағымдағы жылы облыс бойынша 83 шақырым су құбыры салынып, Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы өңірде толық орындалды», — деді Әбдіғани Абдуллаев.
Жиын барысында кеңес мүшелері ауыз су тарифі, су желілерін күтіп ұстау, жөндеу мәселелеріне қатысты ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Комиссия отырысында сондай-ақ, партияның Қызылорда қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясымен 2025 жылы атқарылған жұмыстар есебі тыңдалып, алдағы міндеттер пысықталды.
Фото: Партияның облыстық филиалы












