Астана қаласының мемлекеттік жалпы білім беретін ұйымдарында 1 сәуірден бастап ас мәзірі жаңартылды. Бұл бастама мектеп оқушыларының денсаулығын нығайтуға және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ  қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жаңа мәзірді Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірігіп әзірлеген мектептегі тамақтанудың жаңа стандартының күшіне енуіне байланысты жүзеге асырылды.

Аталған стандарт балалардың жас ерекшеліктерін, физиологиялық қажеттілігін және заманауи тағамтану талабын ескере отырып әзірленді.

Сондай-ақ, қазақ тағамтану академиясының сарапшылары қатысып, ғылыми негізделген ұсыныс енгізді.

Жаңартылған ас мәзірінің басты ерекшелігі – оның теңгерімі мен пайдалы құрамының артуы. Рационда ет, балық, құс еті, сүт өнімдері, сондай-ақ жаңа піскен көкөніс пен жемістің үлесі көбейтілген. Бұл балалардың ағзасын қажетті ақуызмен, дәрумендермен және микроэлементтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін өнімдер мәзірден алынып тасталды. Атап айтқанда, тұз, қант және қаныққан майлар мөлшері жоғары тағамдар, шұжық өнімі, фастфуд (пицца, хот-дог), қант қосылған шырындар, спред және консерванты бар өнімдер енді ұсынылмайды.

Жаңа мәзірде ас құрамында еттен, балықтан немесе құс етінен дайындалған ыстық тағамдар бар. Сонымен бірге тұтас дәнді дақыл, көкөніс, жеміс пен сүт өнімін кеңінен пайдалану көзделген.

Астана мектептерінде сондай-ақ мектеп тамақтануына ұлттық компонент енгізу бастамасы іске асырылып жатыр. Бұл «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы аясында жүзеге асып, оқушыларды дәстүрлі тағаммен таныстыруға мүмкіндік береді. Яғни, аптаның бір күнінде оқушыларға қазақтың ұлттық тағамы – асылған ет те беріледі.

Жаңартылған мәзірдің сақталуын бақылау бірнеше деңгейде жүргізіледі. Бұл міндет мектеп әкімшіліктеріне жүктеліп, Астана қаласының Білім басқармасы тарапынан үйлестіріледі. Сонымен қатар, ата-аналар қауымдастығы өкілдері кіретін бракераждық комиссиялар да мониторинг жүргізеді.

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *