Қызылорда тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берілді
Қызылорда облысына қарасты Қармақшы және Арал аудандарының тұрғындарына тегін құқықтық кеңес ұйымдастырылды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Заң мен тәртіп» әлеуметтік жобасы аясында «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры 2026 жылғы 2-3 сәуірде Қармақшы және Арал аудандарында тұрғындарға арналған тегін құқықтық қабылдаулар мен кеңестер өткізді.
Іс-шаралар «Заң және әділет: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ашық құқықтық кеңес» тақырыбында ұйымдастырылып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткізілді.
Қоғамдық қабылдаулар халық көп шоғырланатын орындарда, атап айтқанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ғимараттарының 1-қабатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында азаматтарға заңгер Айтбенбетов Болатбек Серікбайұлы нақты кеңестер беріп, құқықтық мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар өз сұрақтарына нақты жауап алып, қажетті құқықтық көмекке ие болды.
Фото: «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры












