Ұлытаулық 76 жастағы қария Парижге жаяу барды
Сәрсенбай Қотырашов есімді 76 жастағы Ұлытау тұрғыны Париж қаласына дейін жаяу жүріп, шамамен үш мың шақырымды 53 күнде еңсерген.
Франция астанасында ақсақалды дипломаттар мен отандастары қошемет көрсетіп, шашу шашып қарсы алды.
Еуропа – оның саяхатының төртінші бөлігі. Оны жазылушылары Ulytauman лақап атымен таниды. Төрт жыл бұрын ол Қазақстанды түгел жаяу аралап шыққан, кейін Кавказ арқылы Стамбұл қаласына жеткен, ал одан соң Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжің қаласына барған.
Еуропадағы сапары оңай болмаған: қатаң ережелерге байланысты автобандармен тікелей жүруге болмай, көбіне айналма жолдармен – веложолдар мен жолсыз жерлермен жүруге тура келген. Мұндай жолға оның жүк арбасы да шыдамаған, алайда ақсақал өз мақсаты мен ұстанымынан таймаған.

«Өз үлгім арқылы бүкіл әлемге қазақтардың қайсар, мықты халық екенін жеткізгім келеді. Біздің ата-бабаларымыз темірді алғаш игеріп, металл өңдеген, астрономиямен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Менің мақсатым – 75 жастан асқан жаяу саяхатшы ретінде Guinness World Records кітабына ену. Ол үшін экватор ұзындығынан артық, яғни 40 мың шақырымнан аса жол жүру қажет. Қазір менде 18 мың шақырым бар. Мақсатыма жетемін деген үмітім бар», – деді Сәрсенбай Қотырашов.
Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақстандық саяхатшыны қазақ мәдениетінің жаршысы ретінде қарсы алды.
«Біз Сәрсенбай мырзаның өмір жолына және адалдығына құрмет білдіргіміз келді. Ол түрлі елдерді жаяу жүріп өтіп, Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтеріне жетті. Оның жеткізіп жүрген ойы біздің тірі мұраны қорғау жөніндегі конвенция аясындағы жұмысымызбен үндеседі. Ол – дәстүрлерді, тәжірибелерді және білімді сақтау мен насихаттау. Оның өзі де ұста, біз үшін онымен танысу үлкен қуаныш болды», – деді материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы үкіметаралық конвенция хатшысы Фумико Охината.

Ақсақал елге оралғаннан кейін ұсталық жұмысын жалғастырып, демеушілер тартып, жаңа сапарға дайындық жасамақшы.
2027 жылы Сәрсенбай Қотырашов АҚШ-қа саяхат жасауды жоспарлап отыр. Ол Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін сегіз штат арқылы жаяу жүріп өтпек.












