Қазақстан Үкіметі биыл отставкаға кетеді
Қазақстан Үкіметі жаңа сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлім болды.
Депутаттар бірінші оқылымда Президент туралы конституциялық заң жобасын қарап, мақұлдады. Құжатта вице-президенттің өкілеттігі де бекітіледі.
Құжатты талқылау барысында сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатуы тиіс екенін еске салды. Ол осыған ұқсас норма вице-президентке де, яғни жаңадан сайланған президент алдында өкілеттігін тоқтатуға қатысты қолданыла ма деген сұрақ қойды.
Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Сонымен қатар конституциялық заң жобасының 20-бабының 1-тармағына сәйкес, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттігі жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады. Бірақ олар мемлекет басшысы жаңа басшыларды тағайындағанға дейін өз міндетін атқара береді. Осындай тетік елорда мен облыс әкімдеріне де қарастырылған. Осыған байланысты менде мынадай сұрақ бар: осы тетікті вице-президент лауазымына да, нақтырақ айтқанда, жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде оның өкілеттігін тоқтатуға қолдануға болады деп есептейсіз бе? – деп сұрады Орынбеков Әділет министрінен.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президенттің жеке мемлекеттік органды басқармайтынын еске салды.
Вице-президент институтын енгізу жалпы алғанда тұрақты әрі жүйелі жұмысты қамтамасыз етеді. Вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды, бірақ президенттің атынан әрекет етеді. Осыны ескере отырып, жаңадан сайланған президент алдында оның өкілеттігін тоқтатуды қажет деп санамаймыз, – деп жауап берді Сәрсембаев.
Еске салайық, 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал жаңа Құрылтай сайлауы (қазіргі Парламент) тамыз айында өтеді.
Жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі












