Қызылорда: Қармақшы ауданының басшысы тыл ардагерлерін құттықтады
Ел үшін еңбек етіп, бейбіт күн орнауына үлес қосқан аға буын өкілдері әрдайым құрметке лайық. Осыған орай бүгін 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне байланысты Сыр еліндегі ҚАрмақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аудан басшысы алдымен тыл ардагері Зинеп Оқасованың үйіне барып, Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған ізгі тілегін жеткізді. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келген аяулы жан мектеп қабырғасында жүрген уақыттан тылдағы жұмыстарға белсене араласып, ел игілігі жолында еңбек етті. Көпжылдық еңбегі үшін “Еңбек ардагері” медалімен марапатталған ардақты ана бүгінде үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналып отыр.

Мұнан соң аудан әкімі Тәжіхан Бұхарбаевтың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Ақжар ауылында дүниеге келген Тәжіхан Кетеғұлұлы жастайынан еңбекке араласып, түрлі салада абыройлы қызмет атқарған. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген қария бүгінде немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Сонымен қатар, Жандос Еркінбек ауданымыздың Құрметті азаматы Иса Бисеновтің шаңырағына арнайы барды. Иса Бисенов саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Әскери борышын өтеу кезінде Вьетнам соғысы қимылдарына қатысты. Ел алдындағы ерен еңбегі мен азаматтық болмысы үшін көптеген медальдармен және халықаралық деңгейдегі марапаттармен наградталған.
Кездесу барысында аудан әкімі ардагерлердің ел үшін жасаған қызметі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізіп, мерекеге орай «Алғыс хат» табыстап, құрмет көрсетті.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі












