Биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 23,8 млн гектардан асады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әртараптандыру қағидаттарын енгізу және жоғары сұранысқа ие дақылдарға баса ден қою ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуге және бағаның ауытқу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Оның айтуынша, биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың көлемінен 180 мың гектарға артық. Майлы дақылдар алқабы 4 млн гектардан, жемшөп дақылдары алқабы 3,3 млн гектардан асады. Қайта өңдеу жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп отырғызу 10 мың гектарға ұлғаяды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Осы жылы бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды, сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу мақсатында күріш алқаптары 20,2 мың гектарға оңтайландырылды, бұл ретте тамшылатып суаруға арналған мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғаяды. Егістіктердің бекітілген құрылымы егіннің қажетті көлемін алуға және сыртқы сұраныс конъюнктурасын ескеруге мүмкіндік береді», — деді вице-министр.

Сондай-ақ, диқандарды заманауи техникамен және жеңілдікті отынмен қамтамасыз ету егіс науқанын оңтайлы агроөнеркәсіптік мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді. Азат Сұлтанов материалдық-техникалық базаны мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты. Оның айтуы бойынша, бүгінгі күні техникалар жұмысқа толық дайын: 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені және 71,4 мың сепкіш бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша паркті жаңарту деңгейі 6,5%-ға, биылға жоспар 8%-ға жетті. Бұл ретте техниканың тозу деңгейі 10%-ға төмендеді. Отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі бір жылда 22%-ға ұлғайды, осы жылы 9,9 мың бірлік техника шығару жоспарлануда.

«Мемлекеттік қолдау шаралары отандық өндірушілерге бағытталған: жергілікті техниканы сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу үлесі 30%-ды құрайды, ал импорттық техника үшін бұл көрсеткіш — 15-25% аралығында. Паркті жаңарту егіннің сапасы мен біркелкілігін арттырады. Сонымен қатар, науқанды өткізу үшін 402 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, оның 204,7 мың тоннасы жөнелтілді», — деп атап өтті вице-министр.

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *