«Отан – отбасынан басталады» деген дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Себебі әрбір шаңырақ – қоғамның тірегі, мемлекеттің негізі. Отбасының береке-бірлігі, сыйластығы мен татулығы – әр сәбидің жарқын болашағына бастар жол. Ұяда көрген тәрбие – баланың ертеңгі өмірінің айнасы. Сондықтан да халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған.
Отбасы – мейірім мен махаббаттың, қамқорлық пен сенімнің мекені. Ол – әр адам үшін ең ыстық, ең қымбат орта. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңдылығы бойынша шаңырақтың ұйытқысы болатын жандар бар. Отағасы мен отанасы, үлкен аға мен әпке – отбасының тірегі, ақылшысы, тәрбиешісі. Олардың өнегелі сөзі мен дұрыс тәрбиесі ұрпақтың саналы, иманды болып өсуіне жол ашады.
Әрбір ересек адам өзінің ғана емес, айналасындағы жандардың, әсіресе балалардың бақытты болуына жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Бала отбасының жылуын, мейірімін, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып өседі. Тату отбасыда өскен ұл-қыз елін сүйетін, адамгершілігі мол, тәрбиелі азамат болып қалыптасады.
Бүгін – жарық дүниедегі ең жақын жандарымыздың, аяулы отбасымыздың мерекесі. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні құтты болсын!
Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен инабатты қыз. Еліміздің ертеңі болатын дені сау, саналы, білімді, иманды ұрпағымыз көбейе берсін! Ұрпағына ақылын айтып, өнеге болар қазыналы қарттарымыз аман болсын! Қазақтың әр шаңырағының керегесі кең, босағасы берік, түтіні түзу ұшсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр отбасында шаттық пен бақыт мәңгі орнасын!
Фото: ЖИ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *