Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық – елдің рухани дамуына, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама деп есептеймін.

Бүгінгі қоғамда кітаптың орны ерекше. Кітап – тек білімнің көзі ғана емес, ол ұлттың рухани жадысын сақтайтын, ойлау мәдениетін қалыптастыратын, адамды ізденіске жетелейтін құндылық. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың танымын кеңейтуге, зерделі әрі саналы қоғам қалыптастыруға негіз болады деп сенемін.

Жарлықта кітапханаларды жаңа форматта дамыту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын қалыптастыру, отандық әдебиетті қолдау және ұлттық мұраны әлемге таныту бағыттарының айқындалуы – кітап саласына берілген үлкен қолдау. Бұл бастамалар кітапхана ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кітапхана – тек ақпарат ұсынатын мекеме емес. Ол – білім алмасатын, жаңа идеялар туындайтын, шығармашылық бастамаларға қолдау көрсетілетін, оқырман мен қоғамды тоғыстыратын маңызды рухани-мәдени орта. Кітапхана адамдардың ой-өрісін кеңейтіп, үздіксіз іздену мен даму мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы тұрғыда кітапханаларды заманауи қоғамдық кеңістік ретінде дамыту – уақыт талабы. Мұндай қадамдар қоғамның интеллектуалдық сапасын арттырып, оқырман мәдениетінің дамуына ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Мемлекет басшысының бұл бастамасын толық қолдайды. Біз алдағы уақытта да кітап оқу мәдениетін дәріптеу, оқырмандардың сапалы ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту, ұлттық әдебиетті насихаттау және жастардың рухани дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз.

Зерделі ұлт – кітап оқитын қоғамнан қалыптасады. Ал кітапқа деген құрмет – елдің болашағына деген құрмет.

Бұл бастама Қазақстанның мәдени-рухани дамуына тың серпін беріп, қоғамда оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Күміс Сейітова,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *