Ашаршылықтан ұлтымыздың 30% жойылды,-делінеді. Кей еңбектерде ғана, зұлмат шығыны 40-50 пайызға жетуі мүмкін,-дегенді абайлап айтып қалады. Бірақ ше…

Бірақ. Мынау Шет ауданына барғанымда түсіріп алғаным. 50 мыңға жуық адамы болған өңірде зұлматтан кейін 5-ақ мың кісі қалған. Шығын 90%!!!

Советтік пропоганда, Шет-Жаңарқа жалпы Арқа жері — таза көшпелі өңір. Мұндағы қазақтар «көшпеліліктен отырықшылыққа бірден өткендіктен осындай салдарға ұрынуы мүмкін» деп ақталғанын білеміз.

Олай болса, нағыз отырықшы Оңтүстіктен мысал келтірейік. Ежелден арықтар қазып, егіншілікпен айналысқан Сиқымның Асан руының 70 түтіні болған. Ашаршылықтан соң 8-ақ үй қалған! Бұл жерде де шығын — 90 пайыз.

Ойбай, ашаршылық жайлы деректер жоқ,-деген сылтау-шылғи өтірік! Кез-келген қазіргі ірі ауылдың тарихы 1928-29 жылдардан басталады. Бұл — қырдағы бүкіл ауылды орнынан жұлып, бір жерге колхоз құрған жылдар ғой.

Совет өкіметі — бюрократия мен есеп-қисапқа негізделген тоталитарлық жүйе. Әрбір пысқырған сиыр мен әрбір жан басы қағазға тіркеліп отырды. Олай болса, деректерді қандай құжаттардан көреміз және ол документтерді қайдан табамыз?!

— Паспорт колхоза: Әрбір колхоздың арнайы тігілген, мөр басылған үлкен кітабы болды. Онда колхозға мүше адамдардың аты-жөні, жасы, отбасы мүшелері, тіпті қай рудан екеніне дейін жазылатын.
— Годовые отчеты: Әр жылдың соңында колхоз басқармасы аудандық атқару комитетіне (РИК) және партия комитетіне (РАЙКОМ) есеп беретін. Ол есепте: «Жыл басында қанша адам бар еді, жыл соңында қанша қалды, қаншасы өлді, қаншасы қашып кетті» деген нақты графалар болды. Малдың да саны (төлдегені, сойылғаны, жоғарыға өткізілгені) тиын-тебеніне дейін жазылатын.
— Налоговые ведомости: Өкімет колхоздан ет, жүн, астық салығын алу үшін әр түтінді (үйді) жеке-жеке тізімдеп, есепке алып отырды. Онда кімнің қанша малы кәмпескеленгені хатталған.

Бұл құжаттар қазір қайда?
Бұл деректердің бәрі жоғалған жоқ. Олар қазір:
— Облыстық мемлекеттік архивтерде (мысалы, Шет ауданыныкі Қарағанды облыстық архивінде);
— ҚР Орталық мемлекеттік архивінде (Алматыда) «Колхоз қорлары» (Фонды колхозов) деген атаумен мыңдаған том болып шаң басып жатыр.

Жәй ғана 1929 жылғы колхоздың Жылдық есебі мен 1933 жылғы есебін қатар қойып салыстырған адам, арадағы 80-90 пайыз халықтың қайда кеткенін (аштан өлгенін не босып кеткенін) бірден көреді. Құжат сайрап тұр, тек оны ашып, зерттеп, жариялайтын батылдық керек.

НЕ ҮШІН КЕРЕК?!

Біз аштық тақырыбын — біреуден кек алу (реваншизм) немесе кімде көбірек өлді,-деген қайғы жарыстыру үшін айтпаймыз. Қазақ: “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген. Қаншама боздақтарымыз көмусіз, атаусыз далада сүйегі шашылып қалды. Бұл зұлматты жәй ғана ұмытып кетсек, әруақтар бізді кешпейді.

Ашаршылық тақырыбын зерттеу арқылы, өзімізді өзіміз танып, сол зұлматтың бойға қалдырған ауру-кеселін тауып, одан айығудың жолын табу. Бұл тақырыпты Ұлттық жаңғырудың құралына айналдыруымыз керек. Ол үшін:
— Жаппай Тізімдеу (Мемориалдау):
Әрбір ауылда, әрбір ауданда Шет ауданындағыдай ескерткіштер тұруы тиіс. Біз құрбандардың санын жасырмай, 5 миллионнан артық адамнан айырылғанымызды, егер Ашаршылық болмағанда бүгін қазақтың саны кемі 60-70 миллион болатынын ашық айтып, мектеп оқулықтарына енгізуіміз қажет. Қазір тірі жүрген әр қазақ — 5 қазақ үшін оқып, 5 қазақтың шамасындай аянбай қызмет ету керектігін идеология етуіміз керек!!!
— «Құлдық санадан» бас тарту: Бойымыздағы жалтақтықты, билігі бардан қорқуды, «үндемей жан сақтау» психологиясын Ашаршылықтың қалдырған ауруы (симптомы) деп танып, онымен саналы түрде күресуіміз керек.
— Ұлттық Элитаның жауапкершілігі:
Медиа, кино, деректі фильмдер мен әдебиет бұл тақырыпты «бейшаралық, құрбандық» деңгейінде емес, «осындай тозақтан аман қалып, мемлекетін сақтап қалған ұлы халықтың рухы» тұрғысынан көрсетуі шарт.

Нұрбек БЕКБАУ

журналист

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *