Президент: Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді.

Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.
Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.
Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.
Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық нышандарды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі екенін айтты.
«Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді.
Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды.
Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды.
Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз», — деді Президент.
Фото: akorda.kz









