Биыл 283 каналды автоматтандыру жоспарланып отыр – министрлік
Вице-министрдің айтуынша, келген су көлемін ескеріп қана қоймай, су беруді автоматтандырылған басқаруға көшу маңызды. Бұл каналдардағы жағдайды көруге, сумен жабдықтауды тез реттеуге, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
«Биыл 283 суару каналын автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. «Қазсушар» РМК инвестициялық бағдарламасы аясында Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарындағы каналдар автоматтандырылмақ», – деді Аслан Абдраимов.
Оның айтуынша, бұл жобаларды іске асыру кезінде отандық және шетелдік технологиялық шешімдер қолданылады.
«Ел ішінде су инфрақұрылымын автоматтандыруға арналған жеке шешімдердің өндірісі дамып келе жатқаны маңызды. Бұл отандық өндірушілерді қолдауға, жергілікті құзыреттерді дамытуға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді Аслан Абдраимов.
Еске салсақ, елімізде 4,6 мың шақырым суару каналы жаңғыртылып жатыр.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі












