Кеше Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастырумен өткен салтанатты жиында ақпарат саласының өкілдері марапат төрінен көрінді. Арнайы қабылдаған қала әкімі Нұржан Ахатов шығармашылық өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, қоғам жанашырлары – журналист қауымға өз алғысын білдірді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

– Журналистика – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін маңызды мамандық. Сіздер күн сайын ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жедел жеткізіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Ақпараттың нақтылығы мен шынайылығын басты қағида еткен еңбектеріңіз жұртшылықтың құрметіне лайық. Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде «Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек» деген болатын. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз ел дамуы жолындағы маңызды құндылықтардың бірі болып қала береді. Өңіріміздің тыныс-тіршілігін жан-жақты жариялап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүрген барша қалам иелеріне алғысымды білдіремін, – деді Нұржан Ахатов.

Жиында қала әкімі мемлекет тарапынан медиа саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. Соның бірі – Президент бастамасымен жыл сайын кәсіби мерекеде тілшілерге баспана табыстау үрдісі. Енді бұл игі істің ауқымы кеңейіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылы алғаш рет әр облыста жұмыс істейтін журналистерге пәтер кілті табысталуда. Қуанышты жаңалық Сыр бойында да жалғасып, қос әріптесімізге пәтер кілті берілді.

Марапаттау рәсімінен соң облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев барша Сыр журналистерін құттықтап, олардың облыс дамуына қосқан еңбектеріне табыс тіледі.

Айта кетейік, құрмет төрінен көтерілген БАҚ өкілдері арасында әріптесіміз, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы, FASTNEWS.KZ ақпараттық сайтының редакторы Ержан Қожас та бар.

Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *