Сыр елі: Қазалыда Ұлттық домбыра күні аталып өтті
Қазалы ауданында шілде айының алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай «Күймен жеткен жүрекке» атты мерекелік мәдени-шара өтті.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жиылғандарды мерекемен құттықтады.
-Биылғы Ұлттық домбыра күні ерекше тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Себебі, халқымыздың рухани болмысын айшықтайтын бұл мереке еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға 1 шілде — Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне ену кезеңімен қатар келуде. Бұл — ұлттық рух пен мемлекетшілдіктің, салт-дәстүр мен жаңғырудың үндескен тағылымды көрінісі. Домбыра — қазақтың жаны. Домбыра — халқымыздың үні. Домбыра — сан ғасырлық тарихымыздың, тағдырымыздың, мұңымыз бен қуанышымыздың үнін бүгінге жеткізген қасиетті мұра. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Домбыра – ұлтымыздың болмысы, халқымыздың баға жетпес қазынасы» деп ерекше атап өтті. Бұл — қасиетті қара домбыраның халқымыз өміріндегі орнын дәл айқындайтын терең тұжырым. Ұлттық құндылықтар мен заманауи жаңғыру қатар жүргенде ғана мемлекет қуатты болады. Рухы биік елдің болашағы да жарқын болады. Бабалардан аманат болған асыл мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстау — бәріміздің қасиетті борышымыз. Қасиетті домбыраның күмбірі әр шаңырақтан естілсін! Ұлттық рухымыз асқақ, Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын, — деді аудан басшысы.
Кенттік мәдениет үйінде өткен шарада аудан өнерпаздары, жыршы-термешілер қазақ музыка өнерінің алыптары — Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова сынды дара тұлғалардың күйлерін шырқап, жиылған көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұнан бөлек мәдениет үйінің фоесінде мерекеге орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Айта кетейік, ауданымызда мәдениет саласын дамыту, ұлттық өнерді насихаттау, жас таланттарға қолдау көрсету бағытында жүйелі бастамалар жалғасып келеді. Бүгінде аудандағы мәдениет үйлері мен клубтарда 20-ға жуық жыр-терме, домбыра үйірмесі жұмыс жасап, оларда 250-ден астам балалар мен жасөспірімдер дәстүрлі өнерге тәрбиеленуде.














