Еуропада аптап ыстықтан көз жұмғандар саны 3 700-ге жетті
Еуропаны шарпыған аптап ыстық адам шығынының артуына себеп болып отыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Франция, Нидерланд және Бельгияда ауа температурасының шамадан тыс көтерілуінен көз жұмғандар саны 3 700 адамға жеткен.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Соңғы бір ай бойы жалғасқан ыстық толқыны Еуропаның бірнеше елінде қалыпты өмір ырғағын бұзып, миллиондаған тұрғынға қиындық туғызды.
Қайтыс болғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан азаматтар. Жалпы құрбандардың шамамен 85 пайызы осы жас санатына тиесілі. Ең жоғары өлім-жітім Францияның Иль-де-Франс өңірінде тіркелген. Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың көпшілігі жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты ауыр халде ауруханаға түскен.
Сарапшылар климаттың өзгеруі салдарынан мұндай экстремалды ыстық кезеңдері жиілеп бара жатқанын айтып, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.

Коллаж: El.kz












