Конституциялық Сот: Тоқаев сайлауға түсуге құқылы
Конституциялық сот жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұрынғы президенттік мерзімдер есепке алынбайтынын мәлімдеді. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола алады.
Конституциялық сот президенттің 2026 жылғы 15 наурыздағы өтінішін қарап, Конституцияның 43, 72, 83 және 84-баптарына ресми түсіндірме берді.
Өтініште 1995 жылғы Конституция бойынша лауазым атқарып жүрген азаматтар жаңа Конституцияда көрсетілген сол қызметтерге қайта сайлана немесе тағайындала ала ма деген мәселе көтерілген.
Соттың түсіндіруінше, жаңа Конституцияда белгіленген шектеулер тек 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлау мен тағайындауларға ғана қолданылады. Ал 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі президенттік мерзімдер мен өзге де лауазымдардағы қызмет өтілі бұл есепке кірмейді.
Осыған байланысты Конституциялық сот 1995 жылғы Конституция кезінде президент қызметін атқарған адамның жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қайта сайлануына құқықтық кедергі жоқ деген қорытындыға келді.
Соттың ресми түсіндірмесіне сәйкес, 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу мұндай тұлғалар үшін алғашқы сайлану немесе алғашқы тағайындалу болып есептеледі.
Осылайша, Конституциялық соттың ұстанымына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституция аясында президент сайлауына қайта қатысуына құқықтық негіз бар.
Фото: Ақорда












