25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Жаңа нормалар жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар әр екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Белгіленген талап орындалмаған жағдайда, олардың көлік құралын басқару құқығы уақытша тоқтатылады.

Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндеттеледі. Бұл талап қауіпті маневр жасау, жылдамдықты бірнеше рет асыру, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын елеулі түрде бұзу сияқты құқықбұзушылықтарға қатысты қолданылады.

Жаңа тәртіп бойынша, егер жүргізуші теориялық емтиханға екі ай ішінде дәлелді себепсіз келмесе, оның көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жауапкершілік те күшейтіледі. Мұндай құқықбұзушылық жасаған жүргізушілер 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азамат мас күйінде көлік тізгіндесе, оған 8 жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға рұқсат берілмейді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заңдағы бұл өзгерістердің басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *