Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов 2026 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жариялады,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ ақпараттық сайты.
Айтуынша, Алаштың анасы атанған аймақтың орталығында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі сақталып, барлық негізгі салаларда оң нәтижелерге қол жеткізілген.
«Қала экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын тиімді игерумен қатар, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірісті әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Нәтижесінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде өсім қалыптасты. Есепті кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,8 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 116,1 млрд теңгеге жетіп, айтарлықтай өсім көрсетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 73 млрд теңгеден асып, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 201 мың шаршы метрден асты», – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалғасуда. «Ауыл аманаты», «Аграрлық несие корпорациясы», «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы және «Даму» қоры арқылы ондаған жоба жеңілдетілген қаржыландыруға ие болды. Соның нәтижесінде қаладағы кәсіпкерлер саны 32 мыңнан, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 63 мың адамнан асты.
Қала экономикасын әртараптандыру бағытында жаңа өндірістік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені іске қосылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «Алаш Метан» компаниясының жол бойындағы сервистік кешені пайдалануға берілді.
«Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібінде қағаз және картон өнімдерін шығаратын «Rem Plast Invest» зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Агроөнеркәсіп саласында 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда. Мамыр айында екі ірі халықаралық өндірістік жобаға санитарлық-техникалық жабдықтар мен шыны ыдыстар шығаратын зауыттардың құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады»,- деді қала әкімі.
Сондай-ақ, қаладағы сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Сұлтан» әмбебап базары пайдалануға берілсе, «Асбол», «Сыбаға» және «Талғат» базарларында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Туризм саласында халықаралық деңгейдегі «Rixos», «Ibis» және «Pana» қонақ үйлерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобалар Қызылорданың инвестиция көлемін арттырып, өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *