Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жасанды интеллект оқытылады
Жасанды интеллект Қазақстандағы мектеп бағдарламасының міндетті бөлігіне айналады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Осы құжаттарды жүзеге асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды. 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді», – делінген хабарламада.
Министрлік білім беру мазмұнының жаңаруы технологиялардың дамуымен, еңбек нарығы талаптарының өзгеруімен және жасанды интеллекттің өмірдің әртүрлі салаларына кеңінен енгізілуімен байланысты екенін түсіндірді.
Ведомство деректеріне сүйенсек, оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілді. Бастауыш мектепте оқушылар жасанды интеллект негіздерімен, цифрлық қауіпсіздікпен және жеке деректерді қорғау ережелерімен танысады.
5-9 сыныптарда мектеп оқушыларына оқу процесінде ЖИ құралдарын пайдалануды, промпттарды сауатты құрастыруды, нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйретеді.
10-11 сыныптарда басты назар жасанды интеллекттің жұмыс істеу ұстанымдары мен оны практикада қолдануға аударылады. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері кірістірілді.
фото: kursiv.media архиві












