Қызылорда қаласындағы ашық сауда орындары жыл соңына дейін жаңа орынға көшеді. Қазір шаһардағы «Сыбаға», «Асбол» және «Талғат» базарларының орнында еңселі сауда орындары салынып жатыр, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Халық арасында «Ескі» және «Жаңа базар» деп аталатын аумақтар облыста бекітілген жол картасына сәйкес, әмбебап сауда базарларын жаңғырту және заманауи сауда форматына көшіріледі.

– Осыған дейін «Сұлтан-2» базарының құрылысы толық аяқталып, іске қосылды. Жоба құны 800 млн теңге. Қазір халыққа қызметін ұсынуда. Жалпы базардың төменгі бөлігі көкөністерге, бірінші қабаты азық-түлікке арналса, екінші қабаты киім-кешек және тұрмыстық заттар сататын орындарға бөлінген. Бұған сатушылардың 80 пайызы орналасты, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.

Ал қазір «Сыбаға» базарының құрылысы да қарқынды. Қажетті арнайы скважина қазылып, электр жүйелері тартылған. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Жұмыс жыл аяғына аяқталады.

«Жаңа базар» аталатын аумақтың ашық сауда орындары бұрын қатарласа орналасқан контейнерлерде болды. Енді мұнда екі қабатты, 12 мың шаршы метрлік ғимарат құрылысы басталып кеткен. «Асбол» базары директорының орынбасары Абылай Жұматаевтың сөзінше, мұның да құрылысы жыл соңына дейін межеленген. Аталған жобаның құны — 2,8 млрд теңге. Сондай-ақ ашық базардың орны босаған соң түгелдей автотұраққа айналады. 

«Ескі базар» аумағындағы «Талғат» ашық базары орнында үш қабатты нысан толық тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Ғимараттың сыртқы келбеті де қапталып жатыр. Алдағы қазан айында аяқталатын құрылыстың негізгі құны – 1,5 млрд теңге. Сауда ғимаратының директоры Алмат Мерековтің үйлестіруімен бұрын осы жерде сауда жасаған кәсіпкерлерге уақытша орын да қарастырылыпты.

Айта кетейік, Үкімет тапсырмасымен Ұлттық даму жоспарына сай 2029 жылға дейінгі заманауи сауда форматының үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланған. Қазір Қызылорданың сауда базарларын жаңғырту аясында 5,8 млрд теңге инвестиция тарту көзделіпті.

Фото: НҰРБОЛАТ НҰРЖАУБАЙ

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *