Елімізде такси қызметіне жүгінбейтін адам некен-саяқ. Астана, Алматы, Шымкент сынды үлкен мегаполистерде бұл қызмет түрін пайдаланатын азаматтардың қатары қалың. Әсіресе, Алматы қаласы бұл салада көш бастап тұр. Жалпы деректерге сүйенсек, былтыр такси қызметін ұсынатын компаниялар табысы бір жылда 17% өсіп, 5,9 млрд теңгені құраған. 47,4 млн тұрғын такси пайдаланыпты. Бірақ бұл көрсеткіш 2022 жылғыдан 2%ға аз екен.

Айта кету керек, былтыр желтоқсанда такси тарифтері 2022 жылмен салыстырғанда 9,1% өскен. Бағаның ең шарықтауы Алматы қаласында тіркеліпті. Мұнда бір жылда баға 30,3%-ға көтерілген. Одан кейін Ақтөбе және Абай облысы тұр. Аталған қос өңірде такси құны 22,1% және 17%-ға артқан. Шымкент қаласы (16,9%), Ұлытау (12,6%), Қызылорда (11,9%) өңірлерінде де баға көтерілген.

Такси бағасы бойынша онша өсім көрсетпеген облыс – Маңғыстау. Мұнда 1,2% ғана болып отыр. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында баға бұрынғысынша қалған.

Биыл жыл басындағы Numbeo дерегіне сүйенсек, стандартты тариф бойынша бір шақырым такси қызметінің ең жоғары бағасы Швейцарияда тіркелген. Ондағы құн 4,63 АҚШ долларына бағаланыпты. Одан кейін Люксембург 3,29, Кувейт 3,25 АҚШ долларымен тізімде тұр. Тізімді жалғастырсақ, баға қымбаттығы жөнінен Ямайка, Албания, Сальводар, Жапония, Венесуэла сияқты елдерді айта аламыз. Ал Қазақстан бұл тізімде 77-ші орынға жайғасқан. Яғни такси қызметінің құны 0,61 АҚШ долларын құрап отыр. Сарапшылардың сөзінше, бұл баға – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ Әзербайжанда стандартты тариф бойынша 1 шақырым үшін такси ақысы 0,59, Ресейде 0,34, Украинада 0,32, Беларусьте 0,31 және Армения мен Өзбекстанда 0,30 АҚШ доллары тұрады екен.

Такси демекші, жақында Қызылорда облысында экотакси жобасы іске асты. Мамандардың айтуынша, электр қуатымен жүретін көліктер қоршаған ортаға қауіпсіз әрі экологиялық жағынан өте тиімді. Бүгінде өңірге келген 52 көлік халыққа қызмет көрсетуді бастап кетті. Ал облысқа жалпы құны 1 млрд, 100 млн теңгеге барлығы 100 электромобиль сатып алу жоспарланған екен.  «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Абдуқадыр Маштаевтың айтуынша, экотаксилер электрмен толық қуатталғанда шамамен 500 шақырымға дейін жол жүре алады. Сонымен қатар, жаңа экотаксидің қызметінен бөлек, бағасы да арзан. Бұл – облыс орталығында тұратын тұрғындар үшін өте ыңғайлы жоба болып отыр.

 Такси бағасы мен қызметі жайын айта отырып, оған қажетті бензин отыны туралы да сөз қозғалық. Биыл жыл басынан тамыз айынан дейінгі қорытындыға сенсек, елде 3,5 млн тонна қозғалтқыш отыны өндірілген. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 1,8%-ға артқандығын білдіреді.

Жалпы жанар-жағармай еліміздің үш өңіріндегі мұнай өңдеу зауыттарында өндіріледі. Олар – Шымкент, Павлодар және Атырау облысы. Ал бағаға келер болсақ, биыл бензин құны 0,8%-ға өскен. Жеке маркалар бойынша айтсақ, АИ-98 бензині бір жылда 13,1%-ға, АИ-95/АИ-96 5%-ға қымбаттаған.  Бұл жерде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы өзгермепті.

Енді әр өңірге баға бойынша шолу жасасақ. Жалпы бензин бағасының көтерілуі 14 облыста тіркелген. Ең жоғарғысы – Батыс Қазақстанда, мұнда баға 2,8%-ға артқан. Алматы облысындағы баға былтырғы баға бойынша тұрса, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау және Ақтөбе облысында бензин құны түскен. Мұндай көрсеткіш мегаполистің бірі – Шымкент қаласында да байқалып отыр. Жалпы биылғы жылдың тамыз айындағы қорытындыға сүйенсек, АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы – 202, АИ-95/АИ-96 – 254, АИ-98 – 292 теңге болған.

Тағы бір қызық дерек бар. Біздің еліміздегі бір орташа айлық жалақыға 1,2 мың литр бензин сатып алуға болады екен. Бұл – осы жылдың 27 қыркүйектегі жағдай бойынша алынған Numbeo деректері арқылы беріліп отырған мәлімет Осы көрсеткішпен еліміз әлемдегі 97 елдің ішінде 32-ші орынға тұрақтапты. Яғни Қазақстан ТМД елдерінің арасында ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Оған дәлел де жеткілікті. Атап айтсақ, көрші Ресейде бір жалақыға 953 литр бензин келеді екен. Ал Әзірбайжанда 702,9, Беларусь елінде 696,4, Өзбекстанда 442,2, Молдовада 434,2, Арменияда 433,4  және Украинада 301 литр сатып алуға болады. Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай ТМД елдері арасында ең қымбат бензин  Молдова мен Арменияда болып отыр. Ондағы баға 1,4 АҚШ долларын құрайды. Украинада бензин литрі 1,3, Өзбекстанда 1 АҚШ долларына бағаланған. Ал төмен бағалар Беларуссияад 0,7, Ресей мен Әзербайжанда 0,6 АҚШ долларымен тіркелген. Ал біздің елде долларлық бағаммен айтсақ, бензин литрінің құны 0,5 АҚШ доллары болып белгіленіпті.

Суреттер ашық дереккөзден алынды
#такси

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Экономика

1 Comment

  1. Тамаша!

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *