Ол – қазақтың ата кәсібінен қол үзбеген адам. Дұрысы, көшпелі елдің ұрпағы екенін бүкіл жан-дүниесімен ұғынған. Әсіресе, жылқыға құмар. Қаланың қақ ортасында тұрса да, бірнеше қылқұйрықты қорасына ұстағанын білеміз. Түрлі асыл тұқымды биелерден бөлек, бәйге аттарын да жаратып жүрген Дәулет ағаның атбегілік қасиеті де бар. Өйткені, талай дүбірге қосқан тұлпары жүлдесіз қалмады. Осы жайттарды ойлай келе оның не себепті ветеринария саласын таңдап, мал дәрігері болғаны түсінікті бола бастады.

Мен онымен журналистік тақырып бойынша жолыққан едім. Таныстық осылай басталды. Жазатын дүние – жылқы мен оның сүті, яғни қымыз туралы болғандықтан тілдестік. Сонда көп дүние айтқан еді. Нағыз өз ісінің маманы екенін көрсетті. Ал басқа жұрт ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимовтың 10 жылдан астам уақыт бие байлап, саумал ішіп жүргенін біле бермейді. Әрі қымызды өзі баптайды екен.

«Қымыз дайындауға бап керек, әрине. Киікоты деген шөп бар, ол таулы өлкеде кездеседі. Сол шөпті Қазығұрт жақтан алдырып, үйренгенім бойынша үлкен қымыз құятын ыдысты ыстадым. Бұрынғылар пайдаланған ағаш күбі не саба жоқ. Киікотымен ыстамас бұрын әлгі ыдыстың ішін қойдың құйрық майымен сылап дайындағанмын. Осылайша көргеніміз бен естігенімізді қатар алып, қолдан келгенше қымыз баптап жүрмін. Әзірге қымызың жаман деген ешкім жоқ», – деп ағамыз әңгімесін сабақтады.

«Мен бір мысал айтайын. Анам ішкі құрылысы ауырып, нақтысы өтінде тас болғандықтан мазасы қашып жүрді. Ұдайы дәрі-дәрмек алып, қыруар қаржы жұмсадық. Мен саумал ішуге кеңес беріп, анам оны іше бастады. Төртінші күні запыран құсты. Содан бері оның асқазаны жақсарып кетті», – дейді Дәулет аға.

Көрші Түркістан облысында туып, қалған ғұмыры мен қызметін Сыр еліне арнаған Дәулет аға әуелде еңбек жолын жылқышы көмекшісі болып бастаған. Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде талай тұлпарды тақымдағаны осы кез.

«Әкем Өмірзақ пен анам Жансая өмір бойы медицина саласында еңбек етті. Өзім де осы жолдан алыс кеткен жоқпын. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылордадағы Сырдария ауданы, Аманкелді ауылында жылқы бақтым. Бір жылдан соң Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ветеринария факультетіне түсіп, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің «Ветеринария дәрігері» мамандығы бойынша бітірдім. Ауылға оралып, үш жыл мал дәрігері болып қызмет атқардым», – деп Дәулет аға өз өмір жолынан сыр шертіп еді.

Содан бері өз саласынан қол үзген емес. 2000-2003 жылдары Сырдария аудандық мемлекеттік ветеринариялық инспекторы, 2003-2005 жылдары Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы қызметтерін атқарды. 2005-2006 жылдары Сырдария ауданының бас мемлекеттік ветеринария инспекторы, ал 2006-2010 жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бастығы болды. Осы уақытта «Жылқы сақауы» ауруын диагностикумдармен анықтау тақырыбында ғылыми жұмыс жүргізіп, 2010 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтында ветеринария ғылымдары бойынша диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс барысында 17 ғылыми еңбек жарық көріп, оның ішінде екі инновациялық патент иегері атанды.

2015-2020 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының Қызылорда облыстық филиалының меңгерушісі болған Дәулет Ибрагимов қазір Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының «Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу станциясы» филиалында аға ғылыми қызметкер болып істейді.

«Бала кезімізден ата кәсіпке деген қызығушылығымыз орындалып, сол салада еңбек етіп келеміз. Жоғары оқу орнын бітіргелі басқа мамандыққа қызығушылығым болмапты», – деп сөзін түйіндеді Дәулет Ибрагимов.

Елуді еңсерген ағаның бүгінге дейін 30-ға жуық ғылыми еңбектің авторы екенін де айта кеткен жөн. Ғылым мен шаруашылықты ұштастырған оның ақыл-кеңесіне жастар жиі жүгінеді. Ғалым һәм ветеринар кейіпкеріміздің әлі де елге сіңірер еңбегі мол.

Ержан ҚОЖАС

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Тұлға

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *