Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден озды
Ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев 74 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, — деп жазылған жеделхатта.
Талғат Мұсабаев алғаш рет ғарышқа 1994 жылғы 1 шілдеден 4 қарашаға дейінгі аралықта «Союз ТМ-19» көліктік кемесінің борт инженері және «Мир» орбиталық кешенінің экипаж мүшесі ретінде (ЭО-16 бағдарламасы бойынша) ұшты. Бұл миссия барысында ол екі рет ашық ғарышқа шыққан.
Екінші ғарыш сапары 1998 жылғы 29 қаңтардан 25 тамызға дейін жалғасып, ол «Союз ТМ-27» кемесінің командирі және «Мир» орбиталық стансасындағы ЭО-25 бағдарламасының қатысушысы болды. Бұл экспедиция аясында Мұсабаев бес мәрте ашық ғарышқа шықты.
Үшінші ғарыш сапарын Талғат Амангелдіұлы 2001 жылғы 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде жүзеге асырды. Бұл рейс – Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жасалған алғашқы ресейлік қысқа мерзімді экспедицияның бірі болды.
2003 жылдың тамыз айында Талғат Мұсабаев әскери авиация басқармасының жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Сол жылдың қараша айының соңында ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығының бұйрығымен ол кадрлық құрам тізімінен шығарылып, жаңа қызметке ауысты.
Сол 2003 жылы ол Жуковский атындағы Әскери-әуе инженерлік академиясы басшысының орынбасары болып тағайындалды. 2005 жылғы мамыр айының соңында Ресей мен Қазақстанның бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорнының бас директоры қызметін атқара бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Талғат Мұсабаев ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 2007 жылы құрылған Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарды.
2017 жылдан 2023 жылға дейін Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Фото: parlam.kz