Құтқарушылар құрмет төрінде
Өткен отыз жылда 72 құтқарушы қызмет барысында қаза тапты. Олар сын сағаты соққанда саспады, антына адалдық танытты. Мамандығына деген махаббатына жанымен жауап берді. Қалған қаһармандар да халықтың қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олар бес жылдың бедерінде 225 мыңға жуық жанды қауіптен құтқарып қалды.
Иә, өмір мен өлімнің арасындағы күресті кәсіп қылған қауымның алдында қауіптің өзі қауқарсыз, оттың өзі осал. Мұны бір апта бұрын бас қаладағы жиында қазақ басшысы да баса айтқан еді. Сол үшін саланы қолдау қарқын ала береді. Айтайық, екі жылдың еншісінде құтқарушылардың жалақысы 77 пайызға өсті. Ал бес жылда секторға бөлінетін қаржы көлемі 2,5 есе артты. Мемлекет мезіретінің арқасында 1700-ден астам техника алынып, 42 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Сондай-ақ биылдан бастап бүгінгінің батырларына тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер берілді. Бұған дейін мұндай болмаған-ды.
Дегенмен, салада ілкімді істермен қатар іркілістер де бар. Тозып тұрған инфрақұрылым, техника тапшылығы, мамандардың біліктілігі, құтқарушылардың қауіпсіздігі әлі де өзекті. Кешегі орман өрті, су тасқыны саланы әлі де жетілдіру керек екенін көрсетті. Бұдан бөлек, азаматтық қорғауда да қордалы мәселелер көп. Төрт жылдың төңірегінде заңға 33 өзгеріс енгізілді. Солай бола тұра, өндірістік қауіпсіздік қаперден қалыс қалып келеді. Оған жыл сайын өнеркәсіп орындарындағы апаттан қаза табатын қараша мысал. Тізе берсең, тере берсең түйінді түйткіл көп.
Қош, жалын мен судың, жер мен желдің өтінде жүретін құтқарушылардың еңбегі еленуі керек. Бүгін елордада бір топ қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Солардың сабында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, біз де болдық. Министр Шыңғыс Әріновке алғыс!
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,
журналист












