Сыр өнерпаздары Швейцария сахнасында
23-24 қазан күндері «Республика күні» ұлттық мерекесі және Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толу мерейтойына орай Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті.

Концертке Швейцариядағы шетелдік елшіліктердің өкілдері, Женева және Берн қалаларындағы қазақ диаспорасы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Концерттің мақсаты – қазақ мәдениетін, ұлттық өнерді, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін әлемге таныту. Оған ұлттық музыканың жауһарларын төрткүл дүниеге паш еткен халық аспаптар, Сыр өңірінен шыққан республикаға танымал мәдениет майталмандары М.Ниязов, Ү.Медеуова, А.Шағдатов, М.Мақұлбеков, Ә.Қуаңбаев, Т.Өтенова, Б.Орынбасар, М.Аманжолов, А.Шадаев, А.Махамбетжан, А.Әбді, А.Төреғали және М.Жантөре, А.Шүкіров, Ж.Жұмабек, Ж.Қайыпберген, Н.Рүстемұлы, З.Нысанбаев, Т.Аяпова қатысып, өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық нақышта жасалған сый-сияпат ұсынылды. Жұртшылық таным мен тағылымға толы кеш сыйлағаны үшін сырбойылық өнерпаздарға алғыс білдірді. Айта кету қажет, осы жылы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Испания, Финляндия, Эстония мемлекеттерінде Сыр өнерпаздарының концерті өткен болатын.













