Қыран үні
(Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай ойға оралған қыжыл-сөз)
Төменде – торғайдан сәл биік ұшып жүргенде қыранның үнінің өзі аса бір айбарлы естілмес, әруақ шақырмас. Өйткені «құстар жәрмеңкесінде» өз қызығын тойлап жүрген сансыз құстың мың түрлі дауыстары Құс Патшасының өзінің дабысын басып кетер. О-о, олардың ішінде не немесе кім жоқ дейсің?! Сақалтай да, жағалтай да, сауысқан да, қызғыш та, қасқалдақ та, шүрегей де, құзғын да, бұлбұл да бар. Әрқайсының арманы әр түрлі. Сол армандарының мөлшері мен өлшеміне, екшеуі мен көксеуіне сәйкес сан қилы дыбыстар шығаруы заңды. Ал қыран үні – шыңынан Ай тайғанаған, мұзынан жұлдыз сырғанаған, құзында дауыл үріп, боран ұлыған құзарларды жаңғыртқанда ғана қалғып жатқан санаңды, мүлгіп кеткен сезіміңді сілкіп оятпас па?! Ол кезде жер мен көктің арасын жайлаған тәмам құстың үні құм жұтқан тамшыдай зым-зия жоғалмас па?
Мен қыран-ақын Жұбан Молдағалиев туралы ойланғанымда санамды ілкі қапқан пікір осы еді…
Жұбан есімі бала шағымызда-ақ етене естілетін. Ақын сол кезеңде шабыттың шаңқанбозына тақым салып, Құсни Сөз кеңістігін шарлаудай шарлап баққан. Оның фашистердің Моабит түрмесінде опат тапқан татар ақыны Мұса Жәлел жайлы «Жыр туралы жыры», «Қыран дала», «Сел», «Мен – қазақпын!» поэмалары үстін-үстін жарияланып, ексім-дабысы екпіндей естіліп, атақ-даңқы жаңғырып тұрған шақ-тын. Сол еңбектерінің өтеуіне Советтер Одағы атты алып империяның ең жоғарғы атақтарын да алып жататын. Оның үстіне 1979 жылы Жазушылар Одағына төраға болып баруы абыройын одан сайын асқақтатты. Сол жылдары ол Маңғыстауға келді. Біз, әрине санатқа енбеген, сапқа кірмеген сарыауыз бозбала едік, ол құрмаларға қатыса алмадық. Бірақ Жұбан ақын өлкенің ауылшаруашылық мәселелерін дұрыс үйлестіре алмай отырған облыстың өкімді, ауданымыздың «кекілді» басшыларының екі аяқтарын бір етікке тығулы. Төңкеріске дейінгі Адай уезі мен қазіргі өндірісі өркен жайған облыстың ахуалдарын небір цифрлармен салғастыра сапырғанда, кетіп жатқан кемшіліктерді тамыршыдай тап басып айтқанда, партия жауынгерлері бастарын көтере алмағанын сол жиында болған – қыран-ақынның үнін қасынан естіген ағаларым тамсана әңгімелеп берген. Бұл дағы ұлт еңсесі төменшіктеп, қазақы рухтың төлежіп қалған шағында, қайта бір сесін көрсетіп, мысын көтеріп кеткен сапар еді…
79-дың жазында Алматыға оқуға аттандым. Ол уақытта ҚазМУ-дың Бас корпусы Жазушылар Одағына жақын орналасқан. Одақтың кепиет-қасиетінен қаймығып бір жарым ай бойы көшенің арғы бетінен сығалап есігінен ене алмай кеткенімді бұдан бұрын да жазғанмын. Әр ағаштың әр бұтағында сан түрлі құс өз әндерін шырқап, өз көксеулерін арман қылып жатқан бір барақат тапқан жаздың жайсаң шағы-тын. Сол ағаштардың арасынан сығалап жүргенде ілкі көрген қаламгерің кім дейсің ғой? Жұбан Молдағалиев! Қоммунистік(қазіргі Абылай хан) даңғылымен жоғарыдан құлдап келеді екен. Үстінде сұр костюмі бар. Шынымды айтсам, көшемен Тірі Ескерткіш жүріп келе жатқандай әсерде болғаным! Иә, кәдімгі, тірек-тұлғасы құрыштан, ал жүрек-тұнбасы пайым мен парасаттан, махаббат пен ерліктен құйылған Жұбан ақынның, қыран-ақынның ескерткіші еді ол! Ең алдымен, қаламгерлер Қағбасының алдынан оның басшысын көргенімнің өзі мен үшін игі ишара-тын…
Сондай – алмалы Алатаудан да асқақ арман-қиялымыз бен құпиялы Құлзымнан да терең киелі сезімдерімізді 86-ның қанды Желтоқсаны тұншықтырған кезеңге де тап келгенбіз. Айтпақшы, оның алдында да талай шиқымандар өтіп, талай шиқандар жарылған. Бүгін ашығын айтуға тиіспіз. Ырас, ақын туралы осы уақытқа дейін аз жазылған жоқ. Бірақ неге екені де белгілі ғой, ақын өмірінің барлық тұсына әлі толық сәуле түскен жоқ. Мейлі, аспан ашық, дұшпан қашық десек те. Сол баяғы сананы сыздатқан жасқаншақтық, миды мұздатқан үрей ұлт-ұрпақ бойын әлі иелеп тұрғандай. Әйтпесе, ақынның 1983 жылы Жазушылар Одағының басшылығынан аяқ астынан бас тартқанын неге ашып жаза алмаймыз? Кезінде ЦК-ны дүрліктірген «Хатшыға хат» жырының шын астарын неге әлі күнге дейін қымтауға құмармыз?! Сол ЦК-ның уә ғиззат-лу, уә хурмат-лу, уә елтифәт-лу, уә мадақ секретарының алдына барып: «Біз – Жазушылар Одағы ұлтты ұйыстырушы, бір бағытқа ұйымдастырушы орда болуымыз керек еді, жоқ, біз қазір бір қазақты үшке бөліп, қала берді, рулық жікке бөліп отырған залалды қордаға айналдық. Сізге арқа таңып, өкше тіреп, аласуанданып жүргендерді тыйыңыз!» дегенде, Қазақия ұлысындағы ең Зілман Күрсі: «Бұл жерде мен отырғанда, ол солай болады!..» деулі, бар ызбарын түсіне һәм тісіне жиып. «Шамырқанса, шалқасынан түсер асау» ақын шарт кеткен, жұмыстан босату туралы арызды тастап, мынау талансыз, тауансыз орынды талақ қылып кете барған!.. Ал Зілман Күрсі: «Таяғы аман – қойшының, қалғандарын қойшы, інім!..» деп татарлы-қатерлі күлкімен кеңкілдеп қала берген. Ол, өйткені ұсақ ұлттарды жойып жіберуге мүдделі жаналғыш империяның құлақкесті құлы болатын. Ол сондықтан да Жоғарының пәрмендерін асыра орындап – «қой санын 75 млннан асырамыз!» деген жарымес бағдарлама жасап, күллі қазақ жастарын қойшы қылып жіберуге; Қазақстанның астанасынан бір де бір қазақ мектебін немесе балабақшасын аштырмауға; Қазақиядағы 800-ге жуық қазақ мектебінің жабылуына сеп болуға; Алматыда қазақ санын 16 пайыздан асырмауға; қазақ жерін турап-турап жатқа беруге; ұлттың ұлы ғалымдары мен тұлғалы перзенттерін қудалауға жанын салды. Отаршыл Билікке қалтқысыз адал болғандықтан да оның кеудесіне сол кезеңдегі ең жоғарғы атақ Соц. Еңбек Ері алтын жұлдызы әлденеше мәрте тағылған! Оны сондықтан да «аяулы да Әке-партиясы» 31 жыл бойы мәпелеп, осыншама ұланғайыр кеңістікті басқартып қойды! Әйтпесе Ұлттық Тұлғаға 31 мүйнетке де қияр ма ол орынтақты?! Қашан, жаналғыш империяның қырағы дүрбісіне одан да өткен қазақтың хас дұшпаны ілінгенше, ол биліктің боз жорғасынан түспеді…
Міне, осы тұста жұбан-үн – қыран-үн тағы естілген:
Мен де сорлы емеспін өңгесінде,
Зияны жоқ жүрсе егер бұл да есіңде:
Бәлки, хатшы боларсың өлгенше сен,
Мен ақын боп қаламын өлгесін де!
Бұл Зілман Күрсіге қарата тура атылған оқ еді, дәл межесіне тиді! Жалма-жан «Хатшыға хат» шығып бара жатқан журналды жинатып, туратып, редакторын жұмыстан қуып әлекке қалды. «Қыран дала» поэмасын жарыққа шығармауға жарлық берді. Бірақ бұл кезде Жұбанның қыран даусы Зілман Күрсінің төбесіндегі аспан астын жаңғыртып тұрған. Содан да оны жаншып тастауға шамасы келмей қалды…
Хош, сонымен, «тоқырау» деп аталған жанжегі заманның, яки қойшы-қойманшы мінетін мың салса миземес месторысындай қоғамның үстінде изеңдеп, ұйқылы-ояу келе жатқанбыз. Елге басшы болып «қалдыбас патша» келіп, қызыл сөзбен көбікті судай сапырып жатқан шақ-тын. Әлгі месторымыз ойламаған жерден «белеңі бар бедеудей» ерін бауырына алып тулап берсін! Ұйқымыз көгәштап жуған шәйідей ашылды! Бір қарасақ, «Қазақстанға қазақ ұлтынан басшы тағайындалсын!» деген ұрандар көтеріп, Брежнев алаңында Жұмекен мен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұр екенбіз! Иә, ол әннің «қайырмасының» қалай аяқталғаны әмбеге аян-дір. Желтоқсанның 19-жұлдызында біртұтас советтер одағы «еңбекшілердің күшімен» бізді, қанында бұғып жатқан: Алып Ер Тұнға мен Еділ патшаның, Күлтегін мен Хан Шыңғыстың, Сайын хан мен Едігенің, Керей мен Жәнібектің, Қасым мен Есімнің, Әбілқайыр мен Абылайдың, Сырым мен Кенесарының, Исатай мен Махамбеттің, Жанғожа мен Есеттің, Сыдық сұлтан мен Ер Досанның әруағы оянып кеткен жас буынның, яғни Азаттық аңсап бұлықсыған қазақ ұрпағының мұз үстінде лаулаған жалынын – суық су шашып өшірмекке, сапер күректермен ұрып өлтірмекке жасаған әрекеттері нәтиже берді. Қанша заманнан, сонау 31-дің қанкешу қырғындарынан кейін қайта тігілген Азаттық Туымыз жығылды! Еңсеміз бүгілді! Жеті насырымыз жерге тығылды! М.Мағауиннің «Аласапыранында» жазылған: «Шайқас қысқа, бірақ сұрапыл болды. Күш тең емес еді…» деген Манақ батырдың мүжәлсіз хәлін біз де басымыздан кештік сол қарау кезең, қаран күнде. Сол кеште, бұрын Маңғышлақ облысын басқарған, қазір әлдебір республикалық деңгейдегі дәрежелі қызметтегі кісі теледидардан екі тілде: «Сүттей ұйып отырған біртұтас советтік семьямыздың шырқын бұзып, тынышын кетірмек болған бір топ маскүнем, нашақор бұзақылар ылаң туғызып, көргенсіз әрекеттер жасағысы келді. Ұлтшылдықтың уын жұтып елірген тобыр еңбекшілердің күшімен қуып таратылды! Олар біздің күн сәулелі партиямыздың жүзіне ешқашан кір жұқтыра алмайды! Ленин салған сара жолға еш кедергі келтіре алмайды! Керек болса, біз оларды басып-жаншып, таптап өтеміз!» деген ырайда аса ызбарлы мәлімдеме жасады. Дәл сол сәтте СССР-дің астанасы – «отанымыздың жүрегі» Мәскеуде кейінгі шерқұмар «желтоқсаншыл», сол кездегі серқұмар қазақ ақыны Кеш өткізіп жатты. «Останкино» телеарнасы ол Кешті қара жамылған Қазақияға да көрсетіп бақты. Айтқандай, сол шалықты шайыр келер 87-нің сәуіріндегі өкіметтік жиында Колбиннен: «Советтік шалқар дариядан ауызданбай, ұлттық тар шеңберде қалып қойған санасы ауру қазақтар үшін» кешірім сұраған. Кейін оның бұл опасыздығын өзі де, халқы да ұмытып кетті ғой… Мұның бәрі, әрине бізге оқтай қадалған оқиғалар еді. Соңынан, қазаққа келген күллі игілікті бір өзі иемденгісі келген сол шенқұмар ақын Жұбанның «Мен – қазақпын!» атты ұран-жырын да жоққа шығарғысы келіп жан еткені кімге жасырын?!.
Дүниеде өз ел, әз топырағыңда көрген өгейліктен асқан кембағалдық болуы мүмкін бе?! Со бір желтоқсанның ызғарлы күндерінде осы айтқан кембағалдықтың тұңғиық құрдымына біз батып едік. Қайда барсаң – қорлау, тергеу, зәр шашу… біздікі – іштен тыну, тіс шықырлату ғана. Міне, сондай күндердің бірі – жыл соңында Ульяновскіден келген қызыл комиссар Колбин «Жазушылармен кездескелі жатыр» деген хабарды естіп біз де тайлы-таяғымызбен қалмай қаламгерлер Қағбасына жеттік. 30-жылдар ойранында «Шұбартау көтерілісін» басуға қатысқан, қаламдоздар «алжығандар алқасы» деп қыжыртатын ұйымды басқаратын кеспелтек шал 1-хатшының алдынан домалаңдап шығып: «Мен сізді 25 жыл күттім!» деп құшақтай алғанда, біз кіретін қара жердің тесігі болмай қалғанын айтпай кетсем, арыма сын! Қонаевтың басқа қазаққа жыли бермейтін жүрегі осы шалға тым мейірімді еді, тіпті, бұрынғы үйін де осыған сыйлаған. Міне, бүгінгі кейпі осындай болды. Құдай-Тағала өмірге енді қадам баса бергенде маңдайымызға қара сойыл тиген бізге осының бәрін көрсеткенде: «Сатқындық деген осындай жиіркенішті нәрсе, абай болыңдар!» деп ескертсе керек…
Мінбеде Колбин Тенгиз Абуладзенің «Покаяниесіндегі» сұмпайы кейіпкер құсап көлкілдей күліп отырған. Сөзді сол кезде Жұбан Молдағалиев алды. Ол тереңнен толғап келіп: «Алаңдағы қанжоса болған қазақтың ұл-қыздарын көргенімше, сонау қан майданнан қайтпай қалғаным жақсы еді!..» дегенде, 1-хатшының көлкілдеген күлкісі де сап тыйылды, жәдігөйлердің елпілдеген түр-түсі де сәт бұзылды! Кенет мұзжалақ құздың ұшарынан мұзбалақ қыран саңқылдап қоя берді: «Қымбатты жолдас, сіз менің халқымнан не дәметесіз? Қазақстан «халықтар достығының лабораториясына» айналды. Біздің барымызды алдыңыздар. Тілімізді де, сенім-дінімізді де. Сіздің бауырларыңыз тың көтерді, даламдағы бабаларымның молаларын шынжыртабан тракторларымен таптады. Біз мұны да кешірдік. Бізден енді не талап етесіңдер? Мен сіздің жағыңызда бола алмайды екем!..»
Торғайдан сәл биік ұшқандарын өздерінше дәреже көріп жүрген барлық құстар: сақалтай да, жағалтай да, сауысқан да, құзғын да, шүрегей де, тіпті, қызғыш, қасқалдақ, бұлбұл да тілдері байланғандай үнсіз қалды. Қарлы құзда қыран ғана саңқылдап тұрған бір айғарақты күн, айбарақты сәт еді!..
Сол сәтте біз терең сезіндік: «желп-желп еткен ала ту жиырылып ойға түскенмен», біздің қанымызда қыран-үннен оянып, қайта атой салған сонау Мүде қаған мен Озған пайғамбардың рухын ешкім де «басып-жаншып, таптап» өте алмайтынын!
Құлағымызда қыран-ақынның: «Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске!» деген бабау-жыры күңіреніп тұрды. Сол күңіренген үнге еріп күн астына – Азаттықтың алау таңына қарай жүріп кеткен едік…
Светқали Нұржан (Айт-Ман) Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын