Биыл сыртқы мен ішкі жағдай қатарласып, Қазақстанның мұнайдан түсетін табысын едәуір арттырмақ. Ол қандай жағдайлар? Және біздің өміріміз бұдан өзгере қоя ма? Сіздер көп процессті ішінен түсіну үшін ұзақ текст жазуға тура келді. Бірақ асықпай, аяғына дейін оқыңыздар. Көп пайдалы ақпарат аласыз және бұл ақпарат сізге кейін қажет болады.
Әлемде мұнайдың түрлі сорты бар. Қазақстан сыртқа екі сортты мұнай сатады. Ол CPC Blend және KEBCO деп аталады. Демек, осы екеуі Қазақстанның сыртқа сататын мұнайы. Біз бұдан басқа сорт шығармаймыз.

CPC Blend Қазақстанның ең негізгі экспорттық мұнай сорты болып саналады. Біз КТК арқылы экспорттайтын мұнай осы CPC Blend сорты деп есептеледі. 2025 жылы КТК құбыры арқылы шамамен 63 млн тонна CPC Blend тасымалданды. Бұл Қазақстанның мұнай экспортының 80%-ын құрады. CPC — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан алынатын аралас мұнай.

KEBCO — Қазақстанның екінші экспорттық мұнай маркасы. 2025 жылы еліміз 10 млн тонна KEBCO экспорттады. Демек, оның экспорттағы үлесі шамамен 17% болды. Бұл сорт «Дружба» мұнай құбыры және Ресейдің Усть-Луга порты арқылы экспортталады. KEBCO бренді Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін пайда болды. Оның мақсаты қазақстандық мұнайды ресейлік Urals маркасынан бөлу, санкциялық шектеулерден айналып өту және Еуропа нарығын сақтап қалу еді.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қазақстан 96 млн тонна мұнай өндірді, соның 76 млн тоннасы экспортқа шығарылды. Қазақстан осы экспорттан қанша табыс тапты? Ол үшін біз әр сатылған баррельден Қазақстанның қанша пайда алғанын есептеуіміз керек.

2025 жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,7 трлн теңге көлемінде тікелей салық түсті. 2025 жылғы теңгенің орташа бағамы долларға шаққанда 527,33 болғанын ескерсек, қорға келген 3,7 трлн теңгені шамамен 7 млрд доллар деп есептей аламыз. Ал экспортталған 76 млн тонна мұнай дегеніміз орта есеппен 560 млн баррель. Өткен жылғы мұнайдың орташа бағасы 68 доллар болғанын ұмытпасақ, онда әр экспортталған мұнай баррелі Ұлттық қорға шамамен 12,53 доллар әкелген.

Алайда Ұлттық қор мемлекет үшін мұнайдан түсетін жалғыз табыс арнасы емес. Қазақстанның барлық ірі мұнай жобаларында үлесі бар. ТШО (Теңіз), NCOC (Қашаған), KPO (Қарашығанақ), КТК (Каспий құбыр консорциумы) сынды 4 ірі жобада түрлі үлесті мемлекет атынан «ҚазМұнайГаз» ұстап отыр. ҚазМұнайГаздың 97% акциясы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі. Сонда, егер 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ мемлекетке кемінде 800 млн доллар дивиденд төлейді деп болжасақ, онда әр баррельге қосымша 1,42 доллардан келеді. Бір сөзбен айтсақ, мұнайдың орташа бағасы 68 доллар болған 2025 жылы мемлекет әр баррельден 13,95 доллар табыс алған. Жалпы есеппен бұл 7,8 млрд доллар. 2025 жылы мұнайдан бізге осынша ақша келді.

Енді не болады?

Мен 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 100 доллар деңгейінде сақталады деп ойламаймын. Бірақ ол 75 доллардан жоғары болатыны анық. Бағалар шамамен 85 доллар деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% жоғары. Егер біз өткен жылғы экспорт көлемін сақтай алсақ (бұл оңай емес, бірақ мүмкін), онда әр баррельден мемлекет шамамен 17,43 доллар табыс табуы ықтимал. Жалпы есепте бұл 9,76 млрд доллар. Демек, Ормуз бұғазының жабылуы Қазақстанға қосымша 1,96 млрд доллар табыс әкелуі мүмкін.
Бірақ табыс бұдан да көп болуы ғажап емес. Биылдан бастап KEBCO мұнайын экспорттаушылар салықты дәл осы KEBCO маркасының орташа бағасы бойынша төлейтін болады. Бұған дейін олар салық салынатын табысты ресейлік Urals бағасы бойынша есептейтін. Ал айырмашылық айтарлықтай еді.

Санкциялар әсерінен Urals мұнайы Brent-ке қатысты тұрақты дисконтпен саудаланады. 2025 жылы бұл дисконт орташа алғанда 13 доллар болды. Яғни, Brent 68 доллар тұрса, Urals баррелі 55 долларға бағаланды. Ал KEBCO жағдайы керісінше. KEBCO құны Brent-тен 3 долларға жоғары. Сонда 2025 жылы KEBCO бағасы шамамен 71 доллар болды.
Бұған дейін 10 млн тонна KEBCO экспорттаған компаниялар салықты Urals бағасы бойынша төлеп келді. Енді олардың салық базасы арзан Urals бағасына емес, қымбат KEBCO бағасына негізделеді. Соның нәтижесінде мемлекет қосымша шамамен 300 млн доллар салық алуы мүмкін.

Қорытынды жасайық. Ормуз бұғазы төңірегіндегі геосаяси жағдай Қазақстанға 1,96 млрд доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін. Ал KEBCO бойынша салық есептеу тәртібінің өзгеруі тағы 300 млн доллар қосады. Осылайша, жергілікті қамту, мұнайшылардың жалақысы және мұнай компанияларының әлеуметтік шығындарын есептемегеннің өзінде, 2026 жылы Қазақстан мұнай секторынан шамамен 10,6 млрд доллар табыс алуы тиіс.

Айбар Олжай

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *