Қызылордалық делегация «Alem Ai» халықаралық жасанды интеллект орталығында болды
«Astana Hub» халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев орталықтың негізгі бағыттары мен инфрақұрылымын таныстырды. Делегация мүшелері жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобаларды біріктіретін сегіз қабатты бірегей экожүйені аралады.
Айта кетейік, Мұрат Ергешбаев – бұл бірегей орталыққа арнайы барған облыс әкімдерінің алғашқысы.
Орталықта жасанды интеллект әлеміне арналған иммерсивті көрмелер мен интерактивті кеңістіктер, жасөспірімдердің технологиялық дағдыларын дамытуға бағытталған «TUMO Astana» бағдарламасы,
Қазақстандағы алғашқы «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі, ғылыми зерттеулер жүргізуге және стартаптарды қолдауға арналған ЖИ-кампус, халықаралық технологиялық компаниялардың зертханалары орналасқан.
Кездесуде өңірдегі жобаларды жүзеге асыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта «Kyzylorda Hub» өңірлік технопаркі базасында инновациялық жобаларды қолдау, жергілікті ІТ-қоғамдастықты дамыту және жастардың цифрлық дағдыларын арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жұмыс сапары кезінде цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға қатысты мәселелер де талқыланды.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Astana Smart City жобасының Ситуациялық орталығындағы қалалық инфрақұрылымды бақылау, деректерді талдау және қала қызметтерінің жұмысын нақты уақыт режимінде үйлестіру мүмкіндіктерімен танысты.
Сонымен қатар, қаладағы процестерді басқаруға және түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект негізіндегі платформа көрсетілді.
Astana Smart City жобасы қаланы тиімді әрі қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін жаңа буын интеллектуалды инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Фото: Облыс әкімдігі












