Беташарда сабауға неге үш түрлі орамал байлайды? Этнограф дәстүрдің мәнін түсіндірді
Қазақтың беташар дәстүрі еліміздің әр өңірінде әртүрлі орындалады. Бір жерде келіннің бетін қамшымен ашса, енді бірінде домбыра немесе арнайы таяқ пайдаланылады. Ал кей аймақтарда келіннің басындағы ақ орамалға қызыл, ақ және жасыл түсті үш орамал жалғап байлау дәстүрі бар. Бұл түстер нені білдіреді? Беташардың дұрыс жолы қандай және бүгінде қандай жоралғылар өзгеріске ұшыраған? El.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп, этнограф Досымбек Қатыранұлымен сөйлесті.
Үш түрлі орамалдың сыры неде?
Беташар кезінде үш түсті орамалды жалғап байлау дәстүрі әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде кездеседі. Халық арасында әр түстің өзіндік мәні бар екені айтылады.
Қызыл орамал қыздың бойжеткен шағымен қоштасып, келін атанғанын білдіреді. Ақ орамал жаңа шаңыраққа ақ ниетпен қадам басып, болашақта ақ жаулықты ана болсын деген тілекпен байланыстырылады. Ал жасыл орамал өсіп-өнудің, ұрпақ жалғастығының белгісі саналады. Яғни жас келін барған жерінде тамыр жайып, үбірлі-шүбірлі болсын деген ниетпен байланады.
Дегенмен этнограф Досымбек Қатыранұлы орамал түстерінің мағынасын басқаша түсіндіреді. Оның айтуынша, өзі куә болған беташарларда ақ, қызыл және қайтадан ақ орамал байланған.
Ақ түс, әрине, жолының ақ болуын, ана атануын білдіреді. Ал қызыл орамалдың мәні туыстықпен байланысты. Қазақта «Екі елді қыз қосады» деген сөз бар. Қызыл – қанның түсі, яғни екі әулеттің жақындасып, бір-біріне бауыр болғанын білдіреді. Сол себепті қызыл орамал байланған, – дейді этнограф.
Осылайша, орамал түстеріне қатысты түсіндірулер біркелкі емес. Бір өңірде қызыл түс қыздық дәуренмен қоштасудың белгісі саналса, этнограф оны екі әулеттің туыстық байланысымен түсіндіреді.
Келіннің бетін неге сабау, қамшы немесе домбырамен ашады?
Беташарда орамалдың бір ұшы келіннің басына, екінші ұшы арнайы таяққа жалғанады. Кей өңірлерде ол үшін жас талдың бұтағы немесе әшекейленген сабау пайдаланылады. Мұның астарында жас отбасының өсіп-өркендеуіне қатысты тілек жатыр.
Досымбек Қатыранұлының айтуынша, келіннің бетін ашуға қолданылатын заттардың әртүрлі болуы дәстүрдің өңірлік ерекшеліктеріне байланысты.
Келіннің бетін таяқпен, домбыраның ұшымен немесе қамшымен ашады. Мысалы, Сыр бойында қамшымен ашу дәстүрі бар. Мұның мәні – ағаш сияқты көктеп, өсіп-өніп, көбейе берсін деген тілек. Яғни жас отбасының ұрпағы көбейсін деген арман жатыр, – деді.
Кейбір өңірлерде сабауды келіннің жас қайнысы ұстайды. Ал қамшы пайдаланылатын жоралғыларда оны кейін қайнысына ырымдап беру кездеседі. Халық арасында мұны «қамшы ұстар ұл дүниеге келсін» деген тілекпен байланыстыратын түсіндірулер де бар.
Дегенмен мұндай жоралғыларды бүкіл қазаққа ортақ, міндетті тәртіп деп қабылдауға болмайды. Олардың орындалуы әр өңірдің қалыптасқан салтына байланысты.
«Беташар – келінді жаңа әулетке қабылдау рәсімі»
Этнографтың сөзінше, беташардың мәні тек келіннің жүзін ашып, жиналған жұртқа таныстырумен шектелмейді. Бұл – қыз баланың жаңа әулеттің мүшесі атанғанын білдіретін маңызды ғұрып.
Беташар дегеніміз – құрылымы бар рәсім. Келіннің бетін қайта ашу оның жаңа өмірге қадам басқанын білдіреді. Яғни ол жаңа адам ретінде ортаға қабылданады. Мұның символдық мәні өте терең. Сондықтан беташарды жай ойын-сауық ретінде қарастыруға болмайды, – дейді Досымбек Қатыранұлы.
Этнограф бұл рәсімді адамның бір әлеуметтік мәртебеден екіншісіне өтуімен байланыстырады. Оның түсіндіруінше, қыз бала беташардан кейін барған әулетінің толыққанды мүшесі саналады.
Бұрын тұрмысқа шыққан әйел өзін таныстырғанда күйеуінің руын атаған. Ал шыққан тегін айтқанда «төркінім» деп бөлек көрсеткен. Этнограф мұны келіннің жаңа әулетке қабылдануының бір көрінісі ретінде сипаттайды.
Беташардың дұрыс жолы қандай?
Досымбек Қатыранұлы беташар кезінде келіннің басына жабылған орамалды арнайы жалғап, содан кейін ғана бетін ашу жоралғысының маңызды екенін айтады.
Оның түсіндіруінше, алдымен келіннің басындағы орамалға өзге орамалдар жалғанып, олардың ұшы таяққа немесе басқа дәстүрлі затқа бекітіледі. Беташар жыры аяқталған соң келіннің жүзі ашылады.
Қазір кей жерлерде келіннің бетін жай ғана жауып қояды да, оған орамал жалғамайды. Бұл – дұрыс емес. Негізінде орамал жалғанып, соның көмегімен беті ашылуы керек, – дейді этнограф.
Этнографтың сөзінше, келіннің жүзін ашу рәсіміне енесі немесе ауылдағы сыйлы, көпбалалы әйелдердің бірі қатысып, жас келінге ақ тілегін білдірген. Одан кейін беташар батасы берілген. Кейінгі жылдары бұл жоралғы қайта жаңғырып келеді.
«Беташарды шоуға айналдырып жіберді»
Бүгінде беташар көбіне үлкен тойдың бір бөлігі ретінде өткізіледі. Әсіресе мейрамханаларда орындалатын рәсімдерге заманауи музыка, түрлі сахналық көріністер қосылып жүр. Алайда этнограф мұндай өзгерістер салттың бастапқы мазмұнын көмескілендіруі мүмкін екенін айтады.
Қазір беташарды тойханаларда шоуға айналдырып жіберіп жатыр. Эстрадалық әндерді қосады, бірнеше әнді қатар қолданады. Ал беташардың өзінің құрылымы, орындалу тәртібі бар. Оның мәнін жоғалтуға болмайды, – дейді Досымбек Қатыранұлы.
Маманның айтуынша, беташар – қазақтың барлық өңіріне ортақ дәстүр. Алайда кеңестік кезеңде оның орындалуы бірқатар аймақта сиреген.
Кеңес заманында, әсіресе 70-90-жылдары беташар Оңтүстік Қазақстан мен Сыр бойында көбірек сақталды. Ал батыс, шығыс және солтүстік өңірлерде сирек кездесетін. 1990 жылдардан бастап бұл дәстүр қайта жаңғырып, кеңінен орындала бастады, – дейді ол.
Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?
Беташарда үш түрлі орамал байлау, қамшы немесе домбыра пайдалану – қазақтың әр өңірінде қалыптасқан жоралғылардың көрінісі. Сондықтан бір аймақтың салтын дұрыс, екіншісін бұрыс деп біржақты бағалау қиын.
Орамалдың түсіне қатысты да түрлі түсіндіру бар. Мәселен, кей өңірлерде қызыл, ақ және жасыл орамал қолданылса, этнограф Досымбек Қатыранұлы ақ, қызыл және ақ орамал жалғанатын нұсқаны сипаттайды. Бұл беташардың орындалуында өңірлік айырмашылықтар бар екенін көрсетеді.
Дегенмен этнографтың айтуынша, ең маңыздысы – беташардың сыртқы көрінісі ғана емес, оның мазмұны мен орындалу тәртібі. Өйткені бұл рәсімнің түпкі мақсаты – келінді жаңа әулетке таныстырып, ақ бата беріп, үлкен өмірге қадам басқан жас отбасыға ізгі тілек білдіру.
Осы тұрғыдан алғанда, беташардағы әрбір орамал, қамшы мен сабау жай ғана әшекей емес, халықтың дүниетанымы мен ұрпақ сабақтастығына қатысты ұғымдарды жеткізетін дәстүрлі белгілер болып саналады.
Фото: AI көмегімен жасалды












