Президент Республика күніне арналған салтанатты жиынға қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Республика күні мерекесімен құттықтады.
Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз, — деді Тоқаев.
Президент атап өткендей, биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті.
Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.
Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі, — деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда












