Алтын тәжді Күз деген хан тағына отырды. “Хансарайын” көргің келсе, саябаққа кір. Айнала патшаның сән — салтанаты үшін алтын түске боялған. Жапырақтар аяқастында теңгедей шашылып жатыр. “Әміршің мен! Дегеніме көн!” — дегендей Күз — хан желге бұйрық беріп, жапырақтарды олай — бұлай “айдайды” Біресе, тротуардың жазығына салып қуады, біресе орындықтың астына апарып тығады. Қураған байғұста не ерік бар?
Сіз сол “айдауда жүрген” жапырақтың біреуін қолға алып, көз тоқтатып көрдіңіз бе?! Тақтасында тағдыр туралы өлең жазылып тұр ғой. Ол жырды сіз бен біз оқи алмаспыз, бірақ ақын Махмет оқи алады. Жапырақтың бедеріне Жаратқан ие бәдіздеген иероглифті тек ақын түсінсе керек — ті.

* * *
Махмет Қажиахметов 1955 жылы Сырым ауданы, Жетікөл ауылдық округінде дүниеге келді. Әкесі Мүтиді тек шопан еді десек, қате баға берген боламыз.
Күнұзақ қой соңына ерген әкенің етігінің қонышында “Жұлдыз” журналы жүретін. Бүгінгі күні зиялы деген адамның да айына бірер кітап оқитынына күман бар. Ал, “Жұлдыз” журналы — екінің бірі парақтайтын апталық газет емес, “ақыл азуы” өткір жоғары сортты оқырманның оқитын дүниесі. Ал, біз білеміз жоғары сортты оқырман қашанда нашар шимайшыдан артық.

Міне, Махметтің шаңырағына әдебиеттің иісі әкесінің “Жұлдызы” арқылы келді. Өзі де дүниеге “үшінші көзбен” қарайтын бала Абай айтқандай “көрсем, білсемге” үйір еді.
Махметке дала мектебінің әр сабағы қызық — тын. Оны шалдармен әңгіме айту да, асаумен арпалысу да, дос — құрбының думаны да іңкәр қылып тұратын. Ал, бұл кезде бұла күші бойындағы бозбаланың жұдырықтай жүрегі ұлы жолға — ақындық сапарға дайындалып жатқан — ды.
Қойлы ауылдың түнінде айдың сүттей нұрына шомылып Махмет талай рет толғанып отырды. Сол толғаныстар кейін кеудеден өлең болып ұшты.

Өзі де кейін:
— Қоңырқай тірлік кешкен қатардағы,
Қоңыр үй біздің мекен жапандағы.
Іңгәмді менің сонда жұбатыпты,
Қоңыр әуен, бесік жыр мақамдары.

Ес білген соң, бала боп азырақ күн,
Қоңыр белде әндетіп қозы бақтым.
Қоңыр үйдің күйбеңін естен кетпес,
Естелік қып есіме жазып аппын.

Содан бері күн батқан қоңыр кеште,
Қоңыр мұңмен аламын өмірді еске.
Қоңырайған күндерім елес болып,
Көз алдымда тұрады көңіл десте. — деп жазады.

Махметті өлеңге іңкәр қылған екінші жан болса әжесі шығар:

Қоңыр қыстақ біз үшін хан мекені,
Кәрі әжеміз бұл жерді сәндетеді.
Ертегі, шежіре айтып, қара өлеңмен,
Қоңырайтып отырып әндетеді. — деп өлеңінде айтқандай, әженің бауырында әнмен тербеліп ұйықтап, оразасын “Айналайынмен” ашқан баланың жырға ғашық болмауы мүмкін бе?!

Бүгін аталар мен әжелердің “суаты” суалды ма әлде біздер “өзіміз туғандай” болып кеттік пе, әйтәуір кемпір — шал институтын кенжелетіп алдық.

Жаңағы Махмет есейді. Дәлірек айтқанда, өмір есейтті. Әке мен ана келмес сапарға аттанғанда, қарайған бауырға ие әрі жолбастаушы болып Махмет қалды. Оның тағдырдың тас тосқауылдарын бұзып шығып, адамдық биігіне ту қадағаны басы бөлек әңгіме. Бізге Махметтің әдебиет әлеміне шеккен сапары қызық.

Еңгесей бой, есіктей иық, тәртіпке бағынбайтын толқынды шаш, күйемен салғандай қанық қара мұрт, сойлы сымбатына құйылып түскен етегі кең плащ — міне, Махметтің жас кезі. Қыздың өзі соңынан көзін ілестірген Мәкеңнің сал — сері шағы. Әскерден келіп, суретші боламын деп көлбеңдеген дүниенің бәрінен картина көріп жүрген уақыты. Суретшілік — Махметтің еті мен терісінің арасындағы әуестігі емес еді. Оның майлы бояумен жұмысқа да, графикаға да ебі бар — тын. “Ақ тауық” деген өлеңі “Қазақстан пионері” газетіне басылып, қолынан жазу келетінін өзіне де, өзгеге де дәлелдеп қойғаны болмаса, ақындыққа әуестігін жігіттіктің желі жеңіп, әлемі басқа адам болып жүр еді.

Белгілі жазушы, “Қызыл ту” газетінің редакторы Бақтығұл Ойшыбаев адам танитын кісі ғой, Махметтің даладай кең кеудесіндп жанартау ұйықтап жатқанын білетін.
— Бала, редакцияға жұмысқа кел. Фототілші бол! Кейін жазып кетерсің…
— Рахмет! Мен суретші боламын деп жүр едім.
Осы кезде редактор Бақтығұл қатқыл үнмен:
— Тыңда! Суретші боларсың, бірақ бәрібір Микеланджело
— бола алмайсың! Бірақ, жазсаң Махмет боласың! Сен ақынсың ғой! — деді. (Микеланджело Буанаротти — ренесанс дәуірінің көрнекті тұлғасы, итальян мүсіншісі, кескіндемеші, сәулетші әрі ақын)

“Қызыл ту” газетінің редакциясының есігінің арғы жағында әдебиет елі тұр екен. Махмет “қойып кетті” Қолына домбыра алып, айтыс алқаларын шулатты. Одан қалса газеттің мігірсіз жұмысы, баспа аппаратының шкивіндей айналған өмір, іссапар да іссапар. Журналистік жол Махметті жетілдірді. Жебесі даритын жазу адамына айналды.
Әр редактордың өзі дәуірі және дербес шешімдері болады. Бақтығұл Ойшыбаев Махметті тек қазақ поэзиясының өкілі деп емес, өзінік мұрагері деп таңдаған екен. Газет оқу қайда, нан тауып жеу мұңға айналған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Махмет сияқты газет қызметкерлеріне аудандық редакцияны таратып алмай, ұстап қалу міндеті жүктелді. Оны біреу міндет деп түсінді, ал біреулер “заман солай болса, мен істей алмақпын” — деп жеңіл жол іздеді.
Қажиахметовтың жалақы алмаса да, газеттің санын санға жалғап тегін қызмет еткен кездері бар. Махмет анау Ахмед Мамедовтан келе жатқан Жымпиты өңіріндегі баспасөз ісін адал жалғастырғысы келді, арадағы алтын жіпті үзіп алудан қорықты.
Ақыры, сертінде тұрды, бұйра шашы селдірегенше еңбек етті, газет эстафетасын жаңа буынға өз қолымен тапсырып, зейнет жасына алаңсыз аттанды.

Баспаханадан газет шығарып жүріп Махмет жүрегіндегі “баспаханасының да” жұмысын тоқтатпаған еді. Жылдар мен жылдар қатар өрілді.
Бақтығұл әулие болып шықты. Махмет ақын екен. Ойшыбаев оны “Микеланджело” болудан дер кезінде сақтап қалыпты. Миекең де ақын болғанын ескерсек, Махмет қылқаламға алданбай өлең жазуға көбірек уақыт бөлгені қайырлы болыпты деп қайыралық.

— Ақындығыма сенген адам — редакторым Бақтығұл еді. “Бірінші жақсы журналист болып ал. Кейін ақын боласың ба, басқа боласың ба, қара. Жақсы журналистің қолына бәрі келеді! — деді.
— Газетті тастамадым. Репортаждар жаздым, ауданның жылнамашысы болдым. Сын — сықақ, сатираға да епті едім. “Шаншар” бетінің “оғы” талай шендіге дөп тиді. Шара алынды. Сөйтіп, елдік істің кемшілігін түзеуге аз — кем үлес қостық. Газет көрген қаламгер мықты болады. Оны Бақтығұлдың өзі де дәлелдеді. — дейді Махмет ақын.

Қадыр ақынның — “Қазақ осы — аңғал — саңғал, жабусыз,
Қазақ осы — ағыл — тегіл, көл — көсір” — деген жыр жолдары бар. Сол — аңғал — саңғал, ағыл — тегіл, көл — көсір қазақ — Махмет.
Қайбір жылы үйіне қасқыр асырап, бөріден, иә, ажалдан арды биік қоятын арланның баласынан қарымта көңіл күткен аңғал Махмет қой бұл кісі. Ақыры, өзі асыраған бөлтірігі өзіне азу көрсетті. Ақынжүрек оған өкпелеген жоқ, қайта даласына адалдығына разы болды. Осы жерде Махметтің қыр кезіп, бой жазып қайтатын саятшы екенін айта кеткен жөн.

Неге аңғал — саңғал?! Соны айтайық. Шабыттың қазандығы будақтаған түтін шығарып тұрған уағында Мәкең өлеңді үсті үстіне жазып, онысы үстелдің бетіне сыймағасын, қапқа салып жинайтын жемісті жылдар еді. Жарты қап өлең үйдегі артық дүниемен бірге шоланға (шошала десеңіз де еркіңіз) шығып қалып, дымқыл тиіп, ақыры сиясы ағып, бүлінген.
Өлеңді қағазға жазудың заманы кеткен екен, не де болса техниканың тілін үйренейін деп, кейін Махмет Қажиахметов шұқшиып отырып, жырын компьтерге теретін болды. “Мың күн сынбаған шөлмек бір күн сынады” Бір күні компьютердің жады жоғалып, 86 дана өлеңнің ізін сипап қалды біздің ақын. Бұл жерде Махмет емес, бәлкім қазақ поэзиясы олжадан айырылса да кім білсін?!

Жә, қалғанының өзі кітапқа сыймай жатыр ғой. Бірақ, аңғал ақын кітап шығаруға да асықпайды.
Қайбір жылы Мәкеңнің жырлары “Көгершін көңіл” болып бір самғады. “Дала демі” жинағы дайын тұр. Оны да “артынан қалмай жүріп” ақын інісі Бауыржан Халиолла дайындатқан.
“Уақыт келді. Келгенде де баяғыда келді!” — деп ҚР Жазушылар Одағына кіргізген де сол Бауыржан.

— Ал, аға, дайын жинақты бізге беріңіз! Басып шығарайық! — дейтін бір шенді болса енді.

* * *

Махмет ақын бүгінде Жымпитыда тұрады. Осы қазанда асыл аға 70 жасқа толмақ.
Жуырда Махмет ақынмен Жымпитыдағы Алаш саябағында жүздестік. Жоғарыда айтқанымыздай, күзгі жапырақтың бетінен жыр оқып отыр екен.

Жаз бітiп, жабырқaулы күз де келдi,
Қайтқaн құс жылы жақты iздер енді.
Көңiлiм бұйда бұлтпен aрaласты,
Сiркiреткен мұңдылaу күзгi өлеңдi,
Буaлдыр боз тұмaннaн iзде менi.

Қоңырaйғaн жaдымдa жaрты ғaлaм,
Тaсқын дәурен сaрқылды сaрқырaғaн.
Жүрек-ғұмыр ұқсaйды сәнi aзaйып,
Жaпырaққa күздегі қaлтырaғaн. — деп жазады шайыр.

Өлең туралы әңгімелестік:
— Қиналып өлең жаза алмаймын.
Жыр көкейге келіп, “Мені айт!” — демейінше, қолыма қалам алмаймын.
Жасым жетпіске келді. Жазумен өткен ғұмыр. Әлі жазарым бар ма?!
Сырым батыр туралы поэма жазсам деймін. Иә, Сырым тақырыбы оңай кен емес. Бірақ, жазу міндет. Алдымда Жәрдем Тілековтың жолы жатыр. “Дала кемеңгері” жыры жалғасын сұрап тұрғандай. Жәрдем бәрін айтқысы келді, заманы айтқызбады. Біз айтуға тиіспіз ғой.
Сырым — өзімнің атам. Қарттар айтқан әңгімелер жадымда. Батырды жырлауға уақытым бар әлі, жоқ па білмедім.
Қажығалидың (“Тар кезең” романының авторы) 25 жылын алған Сырым мені аяй ма?! — деп толғанды ақын жүрек.

Жазасыз, Мәке! Жас ұрпақ жатқа оқитын жырды көрдік көзіңізден. Дәптерге түсіру ғана қалыпты. Жетпісіңіз құтты болсын, аға!
Жүрегіңіздегі “баспаханаңыздан” сиясы кеппеген жаңа жырлар күтеміз.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Руханият

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *