«Қауырсын қалам» айдарының кезекті қонағы — Дидар Өмірзақ.
Ол — Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жүргенов ауылының тумасы. Жас ақын республикалық және аймақтық мүшәйралардың жүлдегері. М. Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің түлегі. Аймаққа белгілі ақын Мамыр Байдәулетовтің шәкірті.

 

Ынтымақ

Бірде бақыт,бір күлкі,бірде қайғы,
Сағат тілі мәнерлеп сырғанайды.
Сол уақыттың бағынып бағдарына,
Жер шығарып салады жыл мен айды!

Қанша ғасыр тынымсыз тіршілік түк,
Жанардан жас түн түссе жүрсің ытқып.
Азан айтып төрт минут сайын әлем,
Демалыссыз жатады құлшылық қып !

Сол құлшылық құдайға ұнамдысы,
Ұғына алса ғиб(ы)рат мұнан кісі.
Ынтымақпен жердегі бейбіт заман,
Исламмен,иман мен Құран күші!

Ашық тұрған айқара құшағымыз,
Бейбітшілік береке нышанымыз.
Бір теңізге құйылған дариядай,
Ынтымақпен бірліктің мысалымыз.

Жалғастырып жаңа бір таңды үмітке,
Сындырмаған сағымды сан бүлікте.
Перзентіміз бәріміз сыр елінің,
Тату ғұмыр кешейік мәңгілікке!

Бұл бақытты қазаққа берген құдай,
Бесігінде бірліктің тербелдім- ай.
Құны алтынға бергісіз ынтымағым,
Кете көрме алыстап елден де ұдай !

Көрме құдай арадан дау шығара,
Ынтымағың кетпесін  ал, Сыр ана.
Жер бетінің бұзсыншы тыныштығын,
Азан менен сәбидің даусы ғана!
Ынтымағың кетпесін  ал, Сыр ана.
Ынтымағың кетпесін  ал, Сыр ана.

***

Әке

Әке өсті жетілді тентек ұлың,
Ер жеткен соң басылды еркелігім.
Ертең тағы ойнаймын дейтін балаң,
Қамын ойлар ер болды ертеңінің!

Бал күндерде қалыпты балалығым,
Бойың өскен деп жүр ғой ағам інім.
Есейгенмін дегенмен әкешім ау,
Кішкентай боп көрінер саған ұлың.

Бірақ өстім шын айтам әке саған,
Алдыма қара салмай жеке шабам.
Сен берген тәрбиені алғаннан соң,
Жолдасқа жоламаймын өте сараң!

Әкешім көңіліңді құшқан жыр ән,
Сіз айтқан ақылды шын ұстам қылам.
Ең биік шыңға барып қонады әлі,
Ұясынан ұмтылып ұшқан қыран!

Қыраны қанат қағар шын даланың,
Мен әлі тоқтамаймын шындаламын.
Әкешім мақтанғанда достарына,
Менің ұлым деп айтар ұл боламын!

Бір құдайым сыйлаған фәни көркем,
Кенже балаң қызығың бар үйде еркең.
Мені сенің ұлың деп таныған жұрт,
Сені менің әкем деп таниды ертең!

****

Ауылым

Әй біз сол ауылдамыз, үйдеміз ғой,
Күнделікті қалыпты күйдеміз ғой.
Асып, тасып, шалқығын түгіміз жоқ,
Сол байырғы қаймана бейнеміз ғой.

Көз жүгіртіп мынау қыр, анау қырға,
Болжам айтып биылға, ауар жылға.
Ми қайнаған ыстықтан өлмес үшін,
Шәй қайнатып ішеміз самаурынға.

Бар әлемді басқарар ұйымдардай,
Солар басын құраған жиындардай.
Шәйға отырсақ соғамыз саясатты,
Өзгерістер боларын биыл қандай.

Содан бірден шу менен шығады ұрыс,
Ханды өсектеп қанбайды құмарымыз.
Біздің көше салынбай жатқанына,
Пютон деген бір көке кінәлі мыс.

Көкем сөйлеп жырлайды енді ерлігін,
Ауған көріп соғысып келгендігін.
Қан майданда атысып отан үшін,
Он ауғанда бір өзі жеңгендігін.

Сол батырды көтерген ел мен жүгін.
Қарттық жеңіп көбейткен шер мен мұңын
Жалғыз өзі жайратқан он ауғаннан,
Мықтыраққой үйдегі жеңгем бүгін.

***

Сүйемін дедім,білемін дедің.
Жаныма өзің жақындағанда,
Дүрсілдеп соғар жүрегім менің!

Шынайылыққа таласады үміт,
Көрсетесің ау тамаша қылық.
Қолыма қолың тиіп кеткенде,
Қалады көңіл балаша күліп.

Жасыра алмаймын күліп тұрамын,
Миымды бір сәт тынықтырамын.
Сәл езу тартып жымиғаныңда,
Ойымнан бәрін ұмыт қыламын!

Бойыңа сезім жиып кеп пе едің,
Өзіңді менен биіктетпедің.
Шығарып салдым,есімнен кетпес,
Бетімнен бір рет сүйіп кеткенің!

Ұялдым қатты есті білгенім,
Келешегімнің кескіні ме едің?
Осының бәрін ойлап отырсам,
Есіме түсер ескі күндерім!

***

Абай жайлы

Уа, Семейім, қасиетің шын, күшті -ау,
Мүмкін емес,сағынышпен мұң қыспау.
Қалғып кетсем қалың бұлты жөнкіген,
Көз алдыма елестейді Шыңғыс тау.

Көз ұшынан бір жалт еткен бұландай,
Көріністер аңғарамын мынандай.
Сонау қырда қарақұрым халыққа,
Билік айтып тұрған сынды Құнанбай.

Көк шалғынды келесі бір төбеде,
Өң бе,түс пе біле алмадым немене ?
Жадағайы соққан желмен желбіреп,
Абай атам маған қарай  келе ме ?

Селт еттімде, есті жидым,ояндым,
Дəл осылай көреді екен аян кім?
Жори алмай не жақсыға,жаманға,
Үрейлендім көжегіндей қоянның.

Маған қарай келе жатқан кезіңде,
Абай ата мұң көрінді көзіңде.
У жайылған мынау байтақ далаңдай,
У ішумен өтпеп пе едің өзіңде.

Қара сөзің қағидасы адалдық,
Адалдық деп жан берістік,жан алдық.
Талайлардың басын жарып жүр əлі,
Оразбайдан мирас болған надандық.

Сонан бері қанша ай мен жыл өтті,
Жидебайды қанша көктем түлетті.
Жер жүзінде Абай жаққан бір сəуле,
Жылытып тұр милиардтаған жүректі.

Адасқанға жол көрсетіп алыстан,
Аласармай ақиқат пен ар, ұстам.
Адамдықтың шыңында тұр əлі де,
Шыңғыстауда туып өскен данышпан!

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *