Бүгін дзюдодан Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 33 жасқа толды. Осы орайда даңқты балуан туралы 33 қызықты факт жазып шықтық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1. Елдос Сметов 1992 жылғы 9 қыркүйекте Жамбыл облысы, Құлан ауданында дүниеге келген. Бұл өңірде кезінде әлемге танымал болған ағайынды Владимир мен Виталий Кличколар туып-өскен.

2. Елдос ­– үйінің кенжесі. Оның алдында Бақберген және Жандос есімді ағалары бар.

3. Елдостың спортқа қадам басуына ағасы Жандос Сметов себепкер. Ауылда тұрғанда Жандос еркін күреспен айналысып, інісінің де спортқа жаны жақын болып өсуіне әсер етті. Ал Таразға көшкен соң екеуі де дзюдо үйірмесіне жазылды. Бес жасар Елдос ағасының әрбір іс-қимылын қайталап, жекпе-жек түрінде алар үлесі бар екенін аңғартты.

4. Сметовтің ең алғашқы бапкері — Ахмет Жұмағұлов. Ақ кимоно киген өзі секілді балалардың бірін-бірі оңды-солды лақтырып, сальто жасап жатқанын көргенде, Елдос алдағы тағдыры осы спортпен байланысты болатынын түсінді. Жұмағұлов та ағайынды Сметовтердің әлеуетіне сенді.

5. Елдостың ағасы Жандос та дзюдомен кәсіби түрде шұғылданған. Алайда 2008 жылы тізесінен жарақат алып, карьерасымен қоштасуына тура келді.

6. Сметов дзюдодан бөлек бокс, кикбоксинг, еркін күрес, самбомен де айналысқан, дегенмен таңдауы осы жекпе-жек түріне түсті. Себебі Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш дзюдошы болу оның маңдайына жазылған еді.

7. Елдос Сметовтің алғашқы елеулі жеңісі деп 1998 жылы Алматыда өткен республикалық турнирдегі жетістігін айтуға болады. Небәрі 6 жасар Елдостың салмағы 18 келі болатын, сөйте тұра өзі 21 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Соған қарамастан ол чемпион атанды.

8. Ал 7-сыныпта Елдос Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатына оқуға түсіп, кейіннен білімін Алматыдағы спорт интернатында жалғастырды.

9. 2010 жылы Мароккода өткен өзінің алғашқы әлем чемпионатында ол 55 келіде бақ сынады. Жастар арасындағы аламанда ол қарсылас шыдатқан жоқ.

10. Ал араға бір жыл салып Кейптаунда өткен жарыста Сметов алғаш рет 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдегер атанды.

11. Сметов бала кезінде әткеншекте тербеліп отырғанда, әткеншектің жақтауы құлап кетіп, жас спортшының басына қада кіріп кеткен. Елдос бассүйек-ми жарақатын алды. Бірақ 9 жасар Елдос спорттан кету туралы ойлаған да емес. Бұл жарақаты кейін де сыр бергенімен, дзюдошының мақсатына жету жолында кедергі бола алған жоқ.

12. Елдос 2012 жылы ересектер құрамасына ілікті. Сметовтің техникасы бөлек болғанымен, бастапқыда қарсыластары оны салмақпен алып қоятын. Соған қарамастан ол шеберлігін шыңдауды тоқтатпады.

13. 2013 жылы Елдос Сметов тұңғыш рет ересектер арасындағы Азия біріншілігінде қола медаль иеленді. Одан қалды Самсудағы Гран При мен Тбилисиде өткен Еуропа кубогы кезеңінде күміс медаль еншілесе, Варшавада өткен Еуропа кубогында жеңімпаз атағын иеленді.

14. Елдос Сметов ұлттық құрамаға Ермек Имамбеков бас бапкер болып тағайындалған тұста келді. Сөйтіп түрлі жарыстарға қатысты.

15. Сметов ­– ерлер арасында үш бірдей әлем чемпонатында медаль алған жалғыз дзюдошы. 2015 жылы Астанада өткен чемпионатында жеңіске жетсе, 2019 жылы Токиода және 2022 жылы Ташкентте өткен біріншіліктерде қола жүлдегер атанған.

16. Сметов – ерлер арасында үш бірдей Олимпиада ойындарында медаль алған жалғыз қазақстандық спортшы. Рио олимпиадасында күміс алса, Токиода қола медаль еншіледі. Ал Париждегі ойындарда алтын медаль алып, тарих жасады.

17. Сметов – дзюдодан Олимпиада ойындарында алтын алған жалғыз отандық спортшы.

18. Елдостың кумирі – Тадахиро Номура. Жапон боксшысы да өзі сияқты 60 келі салмақта өнер көрсеткен.

19. Елдос 2011 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде 60 келіде бақ сынаса, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына дейін осы салмақты ұстап тұрды.

20. Елдостың өзі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтен бата алғанын жиі айтып жүретін. Жерлес ағасының жетістігін қайталау арманы екенін де талай рет тілге тиек еткен. Сол арманы 2024 жылы Франция астанасында орындалып, Сметов күрес түрлерінен Үшкемпіровтен кейін араға 44 жыл салып Олимпиада чемпионы атанған қазақ болды.

21. Сметовті Ғалымжан Жылгелдиевтің қарамағына 2005 жылы алды. Дзюдошы ол кезде небәрі 13 жаста болатын. Содан бері екеуінің қарым-қатынасы бапкер мен шәкірт секілді емес, әке мен баладай болып кетті.

22. Париждегі аламаннан соң Жылгелдиев шәкіртінің бұдан былай 66 келіде өнер көрсететінін алға тартты.

Фото: Instagram/yeldos60kg

23. Елдос Сметов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Биология және биотехнология факультетінде білім алған.

24. Елдос Сметов – бес баланың әкесі. Спортшы жарымен 2017 жылы шаңырақ көтерген. Чемпионның кішкентайы 2023 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген. Дзюдошы ұлына Абдолла деген есім берген еді.

Фото: Instagram/yeldos60kg

25. Сметов Париждегі аламанда Токиода чемпион атанған жапониялық Наохиса Такатоның кимоносын киіп шыққан.

26. Сметовтің «мысық» деген лақап аты бар. Себебі оны алғашқы бапкері татамиде «мысық тәрізді» күресуге үйреткен.

27. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Сметов үздік спортшы атанса, ал бапкері Ғалымжан Жылгелдиев үздік бапкер атағын иеленген. Марапатты туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың өзі табыстады.

28. Елдостың спорттағы әлеуетінен жұрт жақсы білсе де, оның музыкадан да құралақан емес екенін көпшілік бейхабар. Өзі осы уақытқа дейін көптеген ән байқауларына қатысқан. Қазақтың дәстүрлі әндерін жақсы көретінін айтқан. Жалпы, Сметовтер әулеті өнерге жақын.

29. Сметовтің бойы – 167 сантиметр.

30. Парижде атой салған Сметовтің образы комиксте жарық көрген. Бұл комикс «Елдос. Қайтпас қайсар қаһарман» деген атаумен жарық көрді.

31. Жылдың басында Сметов ағылшын тілін меңгеру үшін Британияға аттанып, бірнеше айлық курстан өтіп келді.

32. Сметов өзі аттанған барлық жарысына қазақтың ұлттық тағамдарын апарады, соның ішінде ол қазы мен сорпаны ерекше жақсы көретінін айтады.

33. Елдос Сметов – қазақтан шыққан ең егде жастағы Олимпиада чемпионы. Франциядағы төртжылдықтың басты додасында топ жарған кезде Сметов 32 жаста болатын.

34. Париж олимпиадасының чемпионы өткен аптада еуропалық клубтың шақыртуымен Мадридте дзюдодан шеберлік сағатын өткізді.

Фото. ҰОК

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *