Оңай олжа көздегендер мен байлыққа тез жетуді мұрат еткендердің «ессіздігі» елді «арбағысы» келетін алаяқтарға таптырмас жағдай жасап отыр. Табан ет, маңдай терін төгіп, адал еңбек еткісі келетіндер азайып, бір теңгесін үш теңге қылғысы келетін «пысықайлар» көбейген кезде, аңқау елге арамза молдалардың табыла кетуі заңдылық. Бүгінгі қоғамның басты дертіне айналған қаржы пирамидалары мен оның алаяқ қызметкерлері туралы сөз етеміз. Түрлі түске алданып қалатын бала сияқтымыз, әйтпесе айласы әшкере болғандар арамызда аз емес. Соларға қалтамыздағы соңғы тиынымызды санап беруге дайынбыз. «Берсең – аласың, кемпір берсең – қыз аласың» дегендей, бір салғаның жүзге айналатынына сенеміз. Басты мәселе – қаржылық сауатымыздың төмендігі. Ескі ертегілерге сеніп, сана түкпірімізде төбеден төге салатын оңай байлыққа көзсіз сенеміз.

Не істеу керек? Қаржысын пирамидаларға құйып, сан соғып қалған қанша адам арамызда жүр? Адамдардың сенімін пайдаланған ұйымдарға заң не дейді? Қиындыққа тап болған жандардың қаржы сауаттылығын қалай арттырамыз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қаржы пирамидаларының жұмыс істеу жүйесі өте қарапайым. Олар өздерін өте ауқатты жан ретінде көрсетіп, қатарға қосылуға шақырады. Сән-салтанаты жарасқан шетелдік көліктер, бағалы сыйлықтар, апта сайын әмияныңызға құйылатын ақша, қалағаныңызға қол жеткізе алатын «достық орта», шекара асып саяхаттар – бұлар кім-кімді де елітеді. «Қашанғы 100-150 мың жалақымен күн көресің, алғашқы миллионыңды қашан табасың?» деген сұрақ қойғанда еріксіз келісесіз. Бұл қаржы пирамидасына тартылатындардың көбі – әлеуметтік жағдайы қиын, қарызы көп адамдар екенін көрсетеді.

Ресейлік «Depot WPF» қаржылық-сараптамалық агенттігінің өкілі Алексей Андреевтің айтуынша, «қаржы пирамидалары жағдайы жақсы қоғамда жұмыс істей алмайды. Олар өз аудиториясын әлеуметтік желілер арқылы таңдап алады, жазылушылары көп блогерлерге жарнамасын жасатады». Қаржы пирамидалары күмәнділікті сейілту үшін табыстың оңай келмейтінін, бірақ тез табуға болатынын айтып, сендіреді. Түрлі тауарларды, бет күтіміне арналған өнімдерді немесе емдік дәрі-дәрмектерді сату жүйесін ұсынады. Олардың айласы, міне, осында.

Тарих беттері не дейді? Әлемдегі ең ұзақ уақыт жұмыс істеген қаржы пирамидасы – 1960 жылы құрылған «Madoff Investment» ұйымы. Негізін қалаушысы – америкалық олигарх Бернард Мэдофф, 3 миллионнан астам адамның ақшасын қолды қылған. Қазақстанда қаржы пирамидалары 1993 жылдан бері жұмыс істей бастаған. Тәуелсіздік жылдарынан бері ортамызда ойран салған ұйымдардың жолын кесуге заң да, жаза да жеткіліксіз болды. Өткен жылы пирамидалар ұйымдастырушыларын 10-12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы күшейтілген еді. Пирамидалардың жарнамасын жасаған танымал жандар үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл, 600 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, не 2-7 жыл аралығында бас бостандығын шектеу шаралары да қарастырылған.

Дегенмен, алаяқтық азаяр емес. Жауапты мамандардың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында 22 қаржы пирамидасының жолы кесілді, кибербақылаудың арқасында 4000-ға жуық парақша мен сайт бұғатталды. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қаржы пирамидаларының тізімін қарап, заңдық талаптарын тексеріп, ұйымдардың жұмыс істеу механизмін зерттеуге шақырады. Осы тізімде «Q-Net», «Incruises», «Qaz Home» секілді ұйымдардың аты аталады. 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында қаржы пирамидаларына алданып, 382 адам 12,2 млрд теңге зиян шеккен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп. «Қаржылық пирамида құру және басқару» бабы бойынша 45 қылмыстық іс тіркеліп, 30 адам ұсталған.

Біз алаяқтардың айласын анықтаған сайын, олар жаңа әдіс ойлап табады. Ел экономикасына үлес қосқан қаржыгер Ілияс Исаев «қаржы ұйымдары өз тәуекелдерін ашық көрсетіп, «сыйақы мөлшерлемесінің нақты көлемін» көрсетуі тиіс» деп кеңес береді. Бұл талап Өзбекстан мен Ресейде заңдастырылған. Мәселе өзімізде де бар: әр істің байыбына барып, зерделегеннен кейін ғана сенім білдірген дұрыс. Оңай олжа табу, аз уақытта мол пайда көру деген қиялдан арылғанымыз жөн. Адал еңбектеніп, маңдай тер төкпей-ақ байлыққа кенелу мүмкін емес. Ең қиыны, жарнамасы жер жарған ұйымдар халықты еріншектікке, жеңіл табысқа насихаттап жатқан жоқ па? Мұндай қоғамда еңбекқор ұрпақ өсер ме екен?

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *