Теңізді өлкенің тауар өндірушілері жәрмеңке өткізді

Қызылорда облысы Арал қаласының орталық алаңында барлық тауар өндірушілердің өнімдерін тікелей халыққа жеткізу мақсатында «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Молшылық шарасында ауданға қарасты кенттер, ауылдық округтер мен табиғат пайдаланушылардан жеткізілген 43 тоннаға жуық өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды.

Жәрмеңкеде аудан тұрғындарына 4 тоннаға жуық төрт түлік малының еті, 11 тоннадай балық және балық өнімдері, 3 тонна тұз өнімдері, 300 литр сүт өнімі, 25 тоннадан астам көкөністер мен күнделікті тұтынуға арналған азық-түлік тауарлары ұсынылды. Сондай-ақ ауданға қарасты тоған шаруашылығынан әкелінген балық түрлері тірідей сатылып, көпшілік сұранысын қанағаттандырды. Бұдан бөлек, орталық алаңда жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің өндірген өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.

Мерекеік шарада Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, жәрмеңкеде қойылған ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысып шықты. Арнайы аудан әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген барша еңбек адамдары мен аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Құрметті жерлестер, қадірлі ағайын! Аудан экономикасының маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы биылғы жылы да тұрақты даму үстінде. Асыраушы саланың әлеуеті артып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында қолға алынып жатқан нәтижелі істерді өздеріңіз де көріп отырсыздар. Бүгінгі өткізіліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде де осы берекенің көрінісі байқалады.

Бүгінгі күн – еңбектің қадірін арттырып, адал еңбектің жемісін дәріптейтін күн. Себебі осы салада тынымсыз тірлік етіп жүрген жандар қандай құрметке де лайық. Бүгінгі жәрмеңке тек сауда-саттық алаңы емес, халықтың көңілін көтеріп, бірлігін арттырған мереке болды деуге болады. Осындай берекелі бастамаларымыз жалғасын тауып, ауданымыздың экономикасы өркендей берсін, – деді аудан әкімі А. Оңғарбаев.

Шарада саланың дамуына айрықша үлес қосып жүрген бір топ азамат марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, «Жасұлан» шаруа қожалығының төрағасы С. Бертілеуов Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Әулие» шаруа қожалығының төрағасы Б. Аманов ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қ. Әбдіраманов ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Аманөткел ауылдық округі әкімі аппаратының автокөлік жүргізушісі С. Өмірзақов ҚР Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ молшылық шарасында бірқатар азаматтар Қызылорда облысы әкімінің, Арал ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен, Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясының «Арал теңізін құтқаруға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Арал балық шаруашылығы өндірісіне – 100 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше азаматқа «Сала озаты» номинациясы табысталды.

Жәрмеңкеге жиналған көпшілік үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары әсем ән шырқады.

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Келесі Мақала:

0 %